Бүгін: 13.11.2018

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес Қарағанды облысының әкімідігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.

2. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

3. Қарағанды облысы әкімдігінің 2010 жылғы 25 наурыздағы «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мемлекеттік мекемесінің Ережесін және құрылымын бекіту туралы» 08/04 қаулысы жойылсын.

4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік жасайтын орынбасарына  жүктелсін.

5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Облыс әкімі Н. Әбдібеков

Қарағанды облысы әкімдігінің

 

2015 жылғы 30 маусымдағы №35/05 қаулысымен бекітілген «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Ережесі 

1. Жалпы ережелер. 

1. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қарағанды облысы аймағында тіл саясаты саласында мемлекеттік басқарма функциясын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.

2. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары,  белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

5. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген     болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

7. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.

8. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Гоголь көшесі, 34.

9. Мемлекеттік мекемесінің толық атауы:

мемлекеттік тілдегі: «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы»  мемлекеттік мекемесі;

орыс тіліндегі: государственное учреждение «Управление по развитию языков Карагандинской области».

10. Осы Ереже «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы»  мемлекеттік мекемесінің құрылтайшы құжаты болып     табылады.

11. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметiн қаржыландыру жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.

12. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кәсiпкерлiк субъектiлерiмен «Қарағанды             облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Мемлекеттiк органның миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi.

13. Миссия: Қарағанды облысында мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын және өңірде тұрып жатқан барлық этностардың тілдерін   сақтауды қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады.

14. Мiндеттерi:

облыс аумағында тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты    іске асыру және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік және шоғырлану функцияларын кеңейту;

облыс тұрғындарының тіл мәдениеті деңгейін арттыру;

ономастика саласында мемлекеттік тіл саясатын жүргізу;

облыс тұрғындарының лингвистикалық капиталын дамыту үшін  жағдайлар жасау.

15. Функциялары:

тiлдердi қолдану мен дамытудың өңiрлiк бағдарламасының жобасын әзiрлейді  және оның орындалуын қамтамасыз ету;

орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және    аудандық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

тілдерді дамыту саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтің ақпараттық, талдамалық және әдістемелік қамтамасыз етілуін ұйымдастыру;

облыстық ономастика комиссиясының қызметін қамтамасыз ету;

Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарында белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар беру, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында  көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес тексерулер жүргізудің жылдық жоспарларын әзірлеу;

мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған облыстық маңызы бар шаралар кешенiн жүзеге асыру.

16. Құқықтары:

облыстық басқармалар мен басқа жергілікті өкілетті және атқарушы органдардан, сондай-ақ ұйымдар мен мекемелерден, лауазымды тұлғалардан Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің тіл саясаты бойынша  нормативтік актілерін орындау жөнінде ақпараттар мәліметтер, басқа   құжаттар  сұрату;

тілдерді дамыту мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу үшін шарт негізінде ғалымдар мен мамандарды тарту;

тіл саясаты мәселелері бойынша барлық мекемелер, мемлекеттік   органдар, ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасау;

жергілікті атқарушы органдарда ҚР тіл туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

Тіл саясаты саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің     орындалуына бақылау жасау;

Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

3.Мемлекеттiк органның қызметiн ұйымдастыру

17. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне басшылықты «Қарағанды облысының тілдерді    дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне  жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бiрiншi басшы жүзеге асырады.

18. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесін басшы басқарады, ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тағайындалады және қызметтен босатылады.

19. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бiрiншi басшысының өкiлеттiгi:

облыс әкімінің жетекшілік орынбасарының келісімімен тағайындалып кызметтен босатылатын бөлім басшыларының жұмысына басшылық    жасайды.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жұмысын ұйымдастырады және оның қызметіне басшылық жасайды, жүктелген міндеттердің, облыс әкімінің және облыс    әкімі орынбасарларының тапсырмаларының орындалуына тікелей жауап береді;

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы бөлім басшылары және мамандарының функционалдык міндеттері мен құзырларын анықтайды, бөлімдердің ережелерін және басқарма қызметкерлерінің қызметтік нұсқаулықтарын бекітеді;

заңнамамен белгіленген тәртіпте «Қарағанды облысының тілдерді   дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін көтермелейді, материалдық көмек көрсетеді, тәртіптік шара қолданады және жұмыстан босатады;

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің барлық қызметкерлері орындауға міндетті     нұсқаулар береді;

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің құрылымын және штаттық кестесін әзірлейді және оны облыс әкімдігіне ұсынады;

өз құзырының шеңберінде бұйрықтар шығарып, нұсқаулар береді, қызметтік кұжаттарға қол қояды;

азаматтардың жеке қабылдауын жүргізеді;

өз құзырының шеңберінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бiрiншi басшысы болмаған кезеңде оның міндетін қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетін атқаратын тұлға орындайды.

 4. Мемлекеттiк органның мүлкi

 20. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.

21. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.

22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өзiне бекiтiлген  мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

 5. Мемлекеттiк органды қайта ұйымдастыру және тарату

 23. «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы ұйымның тізбесі:

Қарағанды облысы әкімдігі Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының «Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.