Бүгін: 07.04.2020

2018 жылғы 11 шілдеде сағат 10:00-де «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Достық үйі ғимаратында «Ұлттық Стандарт негізінде мемлекеттік тілді оқытуды жетілдіру және біріздендіру жолдары» әдістемелік семинары өтеді.

Аталмыш әдістемелік семинарға аудандық және қалалық тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, мемлекеттік және жекеменшік оқыту орталықтарының директорлары мен әдіскерлері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің қазақ тілі курсының оқытушылары қатысады.

Әдістемелік семинардың мақсаты –  Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру, Ұлттық Стандарт негізінде «Қазақ тілін шет тілі және екінші тіл ретінде» оқыту әдістемесін жетілдіру және біріздендіру, өңірлердегі тілдерді оқыту жүйесімен танысу, 2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік тілді оқыту үдерісіндегі басым бағыттарды айқындау.

Семинар барысында Ресурстық тіл орталығы тарапынан «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешені негізінде мемлекеттік тілді оқытудың жүйеленген бағдарламасын әзірлеу, курс тыңдаушыларына берілетін сертификаттардың бірыңғай үлгісін бекіту, тіл оқыту орталықтары мен курстары әдіскерлерінің және оқытушыларының кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша мәселелер талқыланады.