Бүгін: 19.06.2019

 

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Коррупция – әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып осы қауіппен күресу болып табылады. Өткенімізге көз салсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты аясында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орынын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, замана көшінен туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды.

Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер мен еліміздің барлық азаматтарына сыбайлас жемқорлық әрекеттерге бару мүлде тиімсіз болатындай құқықтық әрі қоғамдық ахуал туғызу мақсаты тұр. Бұл тұрғыда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында жоспарлы және жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп келеді. Ономастика саласы бойынша елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау туралы нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінен, облыстық кәсіпкерлер палатасынан азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне нұқсан келтірмейтіндігі жөнінде қорытынды, ал жоғары оқу орындарының филолог-ғалымдарынан ғылыми-лингвистикалық сараптама алынады.

Мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына жол бермеу мақсатында мемлекеттік сатып алулар электронды тәсілмен өткізіледі, бұл әлеуетті жеткізуші мен тапсырыс берушінің арасында байланыс орнатуға және мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында алдын ала келісіп алу түріндегі сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын кеседі, сондай-ақ, әлеуетті жеткізушілерге мемлекеттік сатып алудың барлық үдерісінен уақытында хабардар болуға мүмкіндік тудырады.

Сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күрес мақсатында Қазақстан барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірісті. Бүгінде қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды. Осы орайда, басқармада мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу мақсатында екі аптада бір рет құқықтық оқытулар жүргізіледі. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларын түсіндіру бойынша басқарма қызметкерлеріне арналған бірыңғай сағаттар өткізіліп, аталмыш іс-шараларда Жолдауда баяндалған міндеттер және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі талданды.

Мекеме жұмысының ашықтығы мен жариялылығы мақсатында бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға конкурс жариялау кезінде үкіметтік емес ұйым мүшелері, бос лауазым қызметіне қатысты сала мамандары конкурстық комиссияның бақылаушысы ретінде шақырылады.

Сондай-ақ, мемлекеттік мекеменің бірінші басшының қабылдау кестесі, жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары үшін пошта жәшігі, «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» ақпараттық стенді, азаматтар тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністерінің профилактикасына бағытталған әлеуметтік жарнама мини-плакаттары, жұмыста нәтижелі жетістіктерге қол жеткізген қызметкерлер туралы ақпарат берілетін «Құрмет тақтасы» көрнекті жерге орналастырылған. Сенім телефондары туралы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдары мен басқарманың сайтында жарияланып, ол арқылы түскен арыз-шағымдар бойынша тиісті журналдар жүргізіледі. Басқарманың ресми сайтында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбындағы арнайы бөлім бар және аталған айдар қажетті ақпараттармен дер кезінде толықтырылып отырады.  Қазақстан Республикасының 2015- 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру бойынша 2018-2020 жылдарға арналған іс шаралар жоспары бекітілген. Басқарма бөлімдерінде жыл сайын сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне ішкі  талдау жүргізіліп отырады. 2019 жылдың 2-тоқсанында басқармаға бағынысты «Ресурстық тіл орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жоспарланған. 

Жемқорлықты жою – еліміздің фундаменталды құндылығы – тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі. Азаматтық қоғамның барлық секторларымен, барлық мемлекеттік органдармен, бизнес өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықта ғана осы мәселені шешіп, Қазақстанның гүлденуіне жағдай жасай аламыз. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының борышы деп білу керек.

 Гүлнәрайым Қаңтарбекова,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

жөніндегі басқармасының басшысы