Бүгін: 07.04.2020

Есепті кезеңде Қарағанды облысы әкімдігінің 2017 жылғы 17 ақпандағы №10/04 қаулысымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, біршама жұмыстар атқарылды.

Жалпы 2018 жылы мемлекеттік тілге 2104, ағылшын тіліне 1399 адам оқыту жоспарланған. І-ші тоқсан қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді оқыту курстарымен – 628, ағылшын тілі курстарымен 433 адам қамтылды, соның ішінде тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша мемлекеттік тілге 200, ағылшын тіліне 70 адам оқытылуда.

Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында ағымдағы жылдың 26-30 наурызы аралығында «Қазтест» жүйесі бойынша 1437 адам тестілеуден өтті, оның ішінде, 1291-і диагностикалық тестілеуден, 146-сы сертификаттық тестілеуден өтті. Алайда, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сертификаттық тестілеумен қамтылғандар саны 11,6%-ға жоғары (2017 жылдың І тоқсанында – 126 адам).

Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Теміртау қаласы, Осакаров және Жаңаарқа аудандарында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы; ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тіл саясатын ақпараттық қолдау және мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру жұмыстары туралы; облыста латын әліпбиіне көшу жұмыстарын ұйымдастыру туралы мәселелер қарастырылды.

Кеңейтілген алқа отырысында өңірлерде тіл саясатын одан әрі жүзеге асыру және латын графикасына көшу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Саран, Сәтбаев қалаларының, Қарқаралы, Осакаров аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары жеке кестеге сәйкес атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

2018 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелердің жалпы құжат айналымында мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 88%-ды құрады (2017 жылдың 1-ші тоқсаны - 88%). Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеу байқалмайды, алайда, есепті кезеңде жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау (48%), дін істері жөніндегі (51%), еңбек инспекциясы (61%), өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму (71%), құрылыс, сәулет және қала құрылысы (72%) басқармаларының және Қаражал қаласы әкімі аппаратының (56,5%) көрсеткіштері төмен болып шықты.

Қызметкерлерді «Қазтест» тапсыруға дайындау, әдістемелік көмек көрсету, мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқытудың инновацияларымен таныстыру мақсатында, «Қазтест» стандартын түсіндіру бойынша шеберлік сыныбы,  қазақ және ағылшын тілдері курстарының тыңдаушыларына ашық сабақтар өткізілді.

Облыстық ономастикалық комиссияның бірінші отырысында 1 ауылдық округ және Нұра, Бұқар Жырау, Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров аудандарының 82 көшелері бойынша идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды тарихи, дәстүрлі, халыққа ұлттық рухани жақын атаулармен қайта атау туралы оң қорытындылар берілді. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен тиісті нормативтік-құқықтық құжаттар әзірленіп, әділет органдарында тіркеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Тіл саясатын ақпараттық қолдау мақсатында тоқсандық медиа-жоспар әзірленді және бекітілді, оған сәйкес 2018 жылдың I тоқсанында жергілікті, облыстық және республикалық БАҚ-та 313 материалдар жарық көрді: 259 мақала, 9 сюжет,                        1 телебағдарлама, 6 телесабақ, сондай-ақ, интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде 38 материал.

Латын графикасына көшу мәселесі бойынша 2018 жылға арналған облыстық, қалалық және аудандық іс-шаралар жоспарлары бекітілді. Өңірлік ақпараттық-насихаттау топтарымен белсенді жұмыс жүргізіліп, латын графикасына көшу мәселесі бойынша тұрғындармен кездесулер өткізілді. Осындай жұмыстарды  тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жоғары оқу орындарымен бірлесе ұйымдастырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбековті, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ербол Тілешовті халықпен кездесу үшін арнайы шақырды.

Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру мәселесін талқылау шеңберінде есепті кезеңде барлығы 50-ге жуық іс-шаралар өткізіліп, 148 материал (109 мақала, 6 сюжет, интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде 33 материал) жарияланды.