Бүгін: 07.04.2020

Есепті кезеңде Қарағанды облысы әкімдігінің 2017 жылғы 17 ақпандағы №10/04 қаулысымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, біршама жұмыстар атқарылды.

Жалпы 2018 жылы мемлекеттік тілге 2104, ағылшын тіліне 1399 адам оқыту жоспарланған. 1-ші жартыжылдық қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді оқыту курстарымен – 1398, ағылшын тілі курстарымен 974 адам қамтылды, соның ішінде тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша мемлекеттік тілге 365, ағылшын тіліне 165 адам оқытылуда.

Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында ағымдағы жылдың  26-30 наурызы аралығында «Қазтест» жүйесі бойынша 1437 адам тестілеуден өтті, оның ішінде, 1291-і диагностикалық тестілеуден, 146-сы сертификаттық тестілеуден өтті.

Қызметкерлерді «Қазтест» тапсыруға дайындау, әдістемелік көмек көрсету, мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқытудың инновацияларымен таныстыру мақсатында, «Қазтест» стандартын түсіндіру бойынша шеберлік сыныбы,  қазақ және ағылшын тілдері курстарының тыңдаушыларына ашық сабақтар өткізілді.

Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Теміртау қаласы, Осакаров, Жаңаарқа, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы; ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тіл саясатын ақпараттық қолдау және мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру жұмыстары; «Сарыарқа» әуежайы» АҚ-да ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалуы; Қаражал  қаласы мен Нұра ауданында идеологиялық талаптарға сай келмейтін, ескірген ономастикалық атауларды біріздендіру шаралары, облыста латын әліпбиіне көшу жұмыстарын ұйымдастыру туралы мәселелер қарастырылды.

Кеңейтілген алқа отырысында өңірлерде тіл саясатын одан әрі жүзеге асыру және латын графикасына көшу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Саран, Сәтбаев қалаларының, Қарқаралы, Осакаров аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары жеке кестеге сәйкес атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Облыс  тұрғындарының тілдік мәдениеттерін арттыру мақсатында «Тілдарын» байқауы, Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, Шортанбай Қанайұлының 200 жылдығына арналған «Шортанбай жырау тұлғасы: дәуір шындығы және ұлттық дүниетаным» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы, «Ілеспе аударма тәжірибе жүзінде» атты  дайындық курстары, сонымен қатар үштілділік саясаты аясында «Үштұғырлы тіл саясаты – жастардың болашағы мен мүмкіндігі» ақпараттық-насихаттау шаралары Қарқаралы, Бұқар жырау аудандарында өткізілді.

2018 жылдың 1-ші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелердің жалпы құжат айналымында мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 89%-ды құрады (2017 жылдың 1-ші жартыжылдығы – 89,5%). Есепті кезеңде жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау (63,7%), дін істері жөніндегі (69,8%), еңбек инспекциясы (55,2%), өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму (75,6%), құрылыс, сәулет және қала құрылысы (77,2%) басқармаларының, Теміртау (69,9%), Қаражал (67,4%) және Осакаров ауданы (77,8%) әкімі аппараттарының көрсеткіштері төмен болып шықты.  

Облыстық ономастика комиссиясының 2 отырысы өтіп, онда Бұқар жырау, Нұра, Абай, Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандары мен Қаражал, Жезқазған қалаларындағы идеологиялық тұрғыда ескірген 7 әкімшілік-аумақтық бірлік пен 162 құрамдас бөлікті қайта атау және 5 құрамдас бөліктің транскрипциясын нақтылау мәселелері қаралды (барлығы 174). Нәтижесінде 7 әкімшілік-аумақтық бірлік пен 163 құрамдас бөлік бойынша оң қорытындылар берілді (барлығы 170). Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен тиісті нормативтік-құқықтық құжаттар әзірленіп, әділет органдарында тіркеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, 2 нысан атауын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізілді. Балқаш қаласындағы №15 мектеп-лицейге Әлихан Бөкейхановтың есімін беру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 24.05.2018 жылғы №286 қаулысы шықты.

Латын графикасына көшу мәселесі бойынша 2018 жылға арналған облыстық, қалалық және аудандық іс-шаралар жоспарлары бекітілді. Өңірлік ақпараттық-насихаттау топтарымен белсенді жұмыс жүргізіліп, латын графикасына көшу мәселесі бойынша тұрғындармен кездесулер өткізілді. Осындай жұмыстарды  тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жоғары оқу орындарымен бірлесе ұйымдастырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбековті, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ербол Тілешовті халықпен кездесу үшін арнайы шақырды.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Задаұлы Қажыбек Ұлттық ғылым академиясының Академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы Айтбаевтың  қатысуымен «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру негізі» атты  семинар өткізілді.

Тіл саясатын ақпараттық қолдау мақсатында медиа-жоспар әзірленді және бекітілді, оған сәйкес есептік кезеңде жергілікті, облыстық және республикалық БАҚ-та 889 материал жарық көрді: атап айтқанда, 465 мақала, 27 сюжет, 6 телехабар, 60 телесабақ, 45 интернет-мақала, 286 әлеуметтік желілердегі пост.