Бүгін: 13.11.2018

2018 жылдың 7 ақпанында Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Күн тәртібінде Ақтоғай ауданының 1 көшесін, Бұқар жырау ауданының 27  көшесін, Қарқаралы ауданының 19 көшесін, Нұра ауданының 1 ауылдық округі мен 13 көшесін, Осакаров ауданының 22 көшесін қайта атау мәселелері қаралды. Комиссия жұмысы барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен алмастыруға айрықша мән беру қажеттілігін және бұл ретте ономастикалық жалпыұлттық деңгейде танылған тұлғалардың есімдерін берумен ғана шектелу қағидаты басшылыққа алынды.

Елдің ішкі және сыртқы саясаты, оның ішінде тіл саясаты да ономастикалық кеңістікте ерекше із қалдыратыны белгілі. Осы тұрғыда, ономастика саласындағы жұмыстарды біріздендіру және үйлестіру басқарма жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады.

2016 жылы аталған бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, Қарағанды қаласының 40 лет Октября, Шахтостроительная, Луговая көшелері мен 137-ші есептік орамы, Сәтбаев қаласындағы атауы жоқ 2 көше Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен танылған Кеңес Одағы батырларының және ерлігі үшін бірқатар ордендермен марапатталған тұлғалардың есімдерімен қайта аталды. Сонымен қатар,  елді мекендерге тарихи атауларын қайтару бойынша Жаңаарқа ауданындағы Ленино ауылына Талдыбұлақ атауы қайтарылса, Түгіскен жалпы орта білім беретін мектебіне белгілі қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың есімін беру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Жалпы алғанда, қайта аталған және атауы жоқ ономастикалық объектілерге атау беру жүзеге асырылған көшелер саны – 30, елді мекен – 1.

2017 жылы Республикалық ономастика комиссиясының отырыстарында 11 шағын ауданның, 22 көшенің, 3 объектінің атауын өзгерту бойынша, сондай-ақ, облыстық ономастика комиссиясының отырыстарында 7 елді мекен мен 167 көшеге атау беру, оларды қайта атау бойынша ұсыныстар қаралып, оң қорытындылар берілді. Атау беру, қайта атау жұмыстары бүгінгі күннің идеологиясына сай келмейтін атауларды өзгерту бағытында жүргізілді: елді мекендерге тарихи атауларын қайтару; құрамдас бөліктерді (көшелер, даңғылдар, шағын аудандар және т.б.) жаңа Қазақстанның ұстанымына сай ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта атау, сондай-ақ, оларға  тарихи тұлғалар мен еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беруге басымдық берілді.

Мемлекеттік бағдарламада көзделген «Тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау үдерісін талқылау кезінде қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесі» нысаналы индикаторына қол жеткізіліп отыр.

Көрнекі ақпараттың пайдаланылуын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесін арттыру жұмыстары да басқарманың ұдайы назарында.Өңірдегі деректемелер мен көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау,  тілін реттеу, жүйелеу, олардың заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша үгіт-насихат, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, олардың жай-күйін қадағалау мақсатында өңірлердегі әкімдіктер аппараттарының қызметкерлерімен, БАҚ және қоғамдық бірлестік өкілдерімен жылына екі рет «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты облыстық айлықтар жарияланып, тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. 2016 жылы осындай айлықтар аясында жүргізілген рейд жұмыстары барысында 5000-ға тарта нысанның көрнекі ақпараттарынан 1000-ға жуық кемшіліктер мен заңбұзушылықтар анықталып, бүгінгі күнге дейін олардың 600-ден астамы (60%) түзетілді. Тіл саясатымен айналысатын облыстық басқарма мен қалалық, аудандық бөлімдер жанынан сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттарда орын алатын заңбұзушылықтар мен қателіктерді түзету және олардың алдын алу, сондай-ақ, тауарлық жапсырмалар (этикеткалар) және т.б. мәтіндерінің қатесіз әрі сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында шағын және орта  бизнес өкілдері және жарнама агенттіктеріне тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» («Callcenter») қызметі  құрылып, басқарма мен бөлімдерден «Жедел желі» жұмысына жауапты мамандар тағайындалған. 2017 жылы «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты облыстық айлық аясындағы рейд жұмыстары барысында анықталған 539 кемшіліктің 452-сі, яғни 84%-ы түзетілді. Бұдан бөлек, жеке тұлғалардан түскен жазбаша өтініштер негізінде 5 объекті бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, барлық құқық бұзушылық жойылды.

Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.