Бүгін: 17.07.2019

2016 жылғы 16 қыркүйекте Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Дөңгелек үстел басында этномәдени бірлестік өкілдері, ғалымдар, тіл мамандары, журналистер және т.б. бас қосты.

Облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы жылына бір рет мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, оны іске асыру шараларына белсене ат салысып жүрген азаматтар арасында өткізіледі. Ағымдағы жылғы байқауға облыс аумағынан 28 адам құжаттарын ұсынып, 4 номинация бойынша 6 адам жеңімпаз деп танылды. Жеңімпаздар облыс әкімінің салтанатты қабылдауында болып арнайы жүлделермен марапатталды.

Байқау лауреаттары болып «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясы бойынша Қарағанды облыстық мәслихаты аппаратының бас инспекторы А.Ж.Жүнісбек, «Тіл жаршысы» номинациясы бойынша қазақ тілді басылымдар арасында «Приозерский вестник» газетінің тілшісі Н.Қ.Қарабеков, ал орыс тілді басылымдар арасында облыстық «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының орынбасары Г.М.Искакова, «Үздік телехабар» номинациясы бойынша қазақ тілді телехабарлар бойынша облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының редакторы, журналист Б.М.Тілегенов, ал орыс тілді телехабарлар бойынша «5 арна» телеарнасының журналист-тележүргізушісі А.Т.Иса танылды.

«Тіл жанашыры» сыйлығының бас жүлдесі «Тіл майталманы» номинациясы тіліміздің мемлекеттік тұрғыда кең қолдау тауып, насихатталуына зор үлес қосып, өңірімізде айтыс өнерінің кең өріс алуына, түрлі рухани шығармашылық байқаулардың өткізілуіне қолдау көрсетіп жүрген Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің оқытушысы, ф.ғ.д, профессор Қ.Д.Асановқа берілді.

Облыс аумағында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолдану аясын кеңейту үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Мекемелер мен ұйымдарда арнайы курстар ашылып, ғылыми-әдістемелік материалдар басылып, таратылады. Мемлекеттік тілді меңгеруге байланысты өткізілетін әртүрлі байқауларға қатысатын өзге ұлт өкілдерінің саны жыл өткен сайын артып келеді.