Бүгін: 24.10.2019

Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл және қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, классик ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 105 жыл толуына орай, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қарқаралы ауданы әкімдігінің қолдауымен 2016 жылдың 30 қыркүйегінде «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты жыр мүшәйрасын өткізді. Ақынның туған жері Қарқаралы қаласында өткен жыр мүшәйрасы облыс көлеміндегі қазақ және орыс тілді ақындар арасында  ұйымдастырылды.

Мүшәйраның негізгі мақсаты Қасым Аманжолов шығармаларының құндылығын қастерлей отырып, сөз өнерін насихаттау,  аймақтағы ақындық дәстүрді дамыту, жаңа есімдерді ашу, олардың шығармашылығына қолдау көрсету және еркін елдің жарқын жетістіктерін, өткен тарихы мен кемел болашағын өлең өзегіне арқау ете отырып, қалың жұртшылыққа паш ету.

Мүшәйраға 18 – 40 жас аралығындағы барлығы 23 үміткер өлеңдерін тапсырды, оның ішінде 2 үміткер шығармаларын орыс тілінде ұсынды. Үміткерлер Қасым Аманжоловқа, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және еркін тақырыптарға арналған 3 өлеңнен тапсырды.

2016 жылдың 26 қыркүйегінде өткізілген іріктеу кезеңінде әділқазылар алқасының мүшелері әрбір ұсынылған шығарманың тақырыбы жағынан байқау шартына сәйкестігін, идеялық мазмұны, көркемдік сапасына назар аударып, ақтық сынға  қатысатын 7 үміткерді іріктеп алған болатын.

Ақтық сында әділқазылар алқасының мүшелері жыр мүшәйрасында оза шапқан жүлдегерлер мен байқау жеңімпазын анықтап, тиісті жүлделерді үлестірді.

Бас жүлде Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сектор меңгерушісі – Ж.Байбулановаға, І орын облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің аға тілшісі Ж. Әлиманға, ІІ орындар  М.Күземханов пен Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің 4-курс студенті П. Жаңғлышбаеваға, ал ІІІ орындар Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің 3-курс студенті Е.Нарыновқа, А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Л.Гураға және аймақтық «Арқа ақшамы» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Е.Қуатбекке бұйырды. Мүшәйраның жеңімпаздары дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.