Бүгін: 21.11.2019

2017 жылдың 22 ақпанында Жаңаарқа ауданының Атасу кентіндегі С.Сейфуллин атындағы аудандық орталық кітапханада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын насихаттау мақсатында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастика, сараптама және қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің басшысы Айбек Мұратұлы Сүлейменовтің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Күн тәртібі бойынша А.Сүлейменов биылғы Жолдауда қамтылған басымдықтырға шолу жасап, негізгі даму бағыттары жайында ақпарат беріп өтті,  адами капиталды жақсартуға бағытталған төртінші басымдыққа, оның ішінде мемлекеттік тіл саясатына байланысты айтылған мәселелерге кеңінен тоқталды.

Жиынның екінші бөлігінде аудан көлемінде атау беру мен қайта атауға байланысты мәселелер, сыртқы (көрнекі) ақпарат пен жарнаманың заңнамаға сай орналастырылуы талаптары және оны қадағалау бойынша сөз қозғалды. Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының бірінші орынбасары Ә.Аманжолов, Жаңаарқа ауданының әділет басқармасының басшысы Ә.Әбдіразақов, кент және ауылдық округтер әкімдері, ішкі істер бөлімінің, білім беру саласының қызметкерлері қатысты. Кент тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.