Бүгін: 21.11.2019

Ағымдағы жылғы 15 наурызда Теміртау қаласында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Тіл үйренушілерге қазақ және ағылшын тілдерін  халқымыздың салт-дәстүрі  мен  мәдениетін насихаттау арқылы үйрету» атты  шеберлік сыныбы өтті.

Шараға тілдерді оқыту орталықтары мен курстарының оқытушылары, мемлекеттік мекемелердің тілге жауапты мамандары қатысты.

Шеберлік сыныптың мақсаты: орталық оқытушыларымен өзара тәжірибе алмасу, кәсіби шеберліктерін жетілдіру және заманауи әдіс-технологиялармен жұмыс жасауға үйрену.

Семинар жұмысын жүргізген басқарманың бас маманы Сәуле Нелдібаева облыстағы тілдік ахуалға сараптама жасаса, Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының әдіскері Мунира Ағымбаева «Бағалау жүйесі Қазтест» тақырыбында пікір алмасты. Сол сияқты  Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының м.а. Болат Төлеубаев Қазтест тапсырып, деңгейлерін дәлелдеген қызметкерлерге сертификаттар табыстады.

Ағылшын тілінің оқытушылары Д.Ыбырай, Ж.Нурутдинова топтар арасында «Полиглот-2017» іскерлік ойынын ұйымдастырды, қазақ тілінің оқытушысы М.Жумажанова «Қазақ тілін оқытудағы тиімді әдіс-тәсілдер» шеберлік сыныбын өткізді. Семинардың практикалық бөлігінде Теміртау қаласының Тілдерді оқыту орталығының тіл үйренуші тұлғаларының қатысуымен «Армысың, Әз-Наурыз!» отбасылық сайысы өтті. Мемлекеттік тілде өзін таныстыру, өнер көрсету, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көрініс қою кезеңдерінен сүрінбей өткен Мироненколар отбасы Бас жүлдеге ие болды.  Сайысқа қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Семинар жұмысына қатысушылар Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына экскурсия жасады.