Бүгін: 20.09.2019

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбавтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жобасы жайлы жұртшылықтың жан-жақты ақпарат алуын қамтамасыз ету, пікір алмасу мақсатында «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздіктің жолы» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқарма басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекова модераторлық еткен жиынға ғалымдар және департамент, облыстық басқармалардың, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Тұрсынованың «Латын графикасы: тиімділігі мен маңыздылығы», Қарағанды облыстық сотының судьясы Марат Азбанбаевтың «Жазу реформасының ғылыми-құқықтық негізі», Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының әкімшілік қызметі кафедрасының оқытушысы Ерғали Қожабековтің «Құқық қорғау органдарындағы латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелері», «Болашақ» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Құрманғазы Сембиевтің «Латын әліпбиі – болашақтың жазуы» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды.

Баяндамашылар қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің артықшылықтарына және алдағы ауқымды жұмыстарға назар аудартты.