Бүгін: 20.09.2019

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2017 жылдың 20 қазанында Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында  «Рухани жаңғыру» Бағдарламасының «Рухани қазына» бағыты аясында Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Арқаның Әсет ақыны» атты монографиялық еңбектің тұсауы кесілген әдеби-шығармашылық кеш өтті.

 «Арқаның Әсет ақыны» монографиясында қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген,  "Салиха-Сәмен", "Ағаш ат", "Перизат", "Нұрғыман-Нағым" секілді таңғажайып қисса-дастандардың, "Ырғақты", "Аққарагер", "Қаракөз", "Майда қоңыр", "Жалған-ай" секілді әсем әндердің авторы, Ырысжан ақынмен бірге Біржан мен Сара айтысынан кейінгі озық айтыс көрсеткен әйгілі айтыскер Әсет Найманбайұлының ғибратты ғұмыры мен шығармашылық шыңы жайында деректер қамтылған. Әні мен жырын жанына серік еткен әйгілі өнер иесі 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болған. Аталған ғылыми еңбекті жазу танымал өлкентанушы, тарихшы Темірғали Аршабеков жетекшілік ететін «Арқа мұрасы» ғылыми-зерттеу орталығының мұрағаттардағы сирек қолжазбаларды сараптауы, мұражайларда сақталған ақын өміріне қатысты жәдігерлерді зерттеуі арқылы жүзеге асырылды.

Әдеби-шығармашылық кешке Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, профессор, филология ғылымдарының докторы Мұхаммадғали Әбдуов, аталған факультеттің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,  профессор, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, белгілі тарихшы, өлкетанушы Мұқаметқали Баймұқанов, Сәбит Бексейітов, Руслан Нұрбай секілді айтулы ақындар,  Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Жыр-жауһар» поэзия клубының мүшелері және әдебиет пен мәдениетке қызығушылықтары зор жас буын өкілдері қатысып, мәдени шара барысында Құрмаш Ыбышов, Ержан Базарбеков секілді белгілі дәстүрлі ән орындаушылары Әсет әндерін шырқады.