Бүгін: 24.10.2019

Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2017 жылдың 17 қарашасында Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Рухани жаңғыру» Бағдарламасы аясында Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауын өтті. Аталған іс-шара мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына зор үлес қосқан қабырғалы қайраткер, ұлы би, от ауызды, орақ тілді шешен Қаздауысты Қазыбек бидің шешендік мұраларын  насихаттау, тілге шешен, ділмар сөз шеберлерін анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылдың 8 қарашасында Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде аталған байқаудың облыстық іріктеу кезеңі өткізілген болатын. Қарағанды облысының Қарағанды, Саран, Теміртау, Сәтбаев, Шахтинск, Жезқазған қалалары, Ақтоғай, Нұра, Қарқаралы, Абай, Осакаров, Шет аудандары және Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, «Болашақ» академиясы, ҚарМТУ, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті, Қарағанды гуманитарлық колледжі атынан қатысқан 30 үміткердің арасынан шешендік қабілетімен дараланған 4  жүлдегер республикалық байқауға жолдама алған. Сонымен қатар, байқауға республиканың Астана қаласынан, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан үміткерлер қатысты. Байқау барысында студенттер, педагогтар, мәдениет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер – 16 мен 35 жас аралығындағы барлығы 16 үміткер өз өнерлерін ортаға салды.

Байқауға қатысушылар төмендегідей тапсырмаларды орындай отырып, бақ сынасты:

1-кезең. «Сәлем – сөздің атасы». Үміткерлер шешендік элементтерді, шешендік өнердің өзіне тән сипаттарын сақтай отырып, ділмәр сөз арқылы өздерін көпшілікке таныстыру;

2-кезең. «Даналар сөзі – ақылдың көзі». Қазыбек бидің шешендік сөздерінен үзінділерді мәнерлеп жатқа оқу;

3-кезең. «Шешендік – шеберлік». Үміткерлер жеребе бойынша ұсынылатын бүгінгі күннің өзекті тақырыптары бойынша шешендік, білгірлік таныта отырып өз ойларын дәлелдеу.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, «Орталық Қазақстан» облыстық газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ерсін Мұсабеков, ҚР еңбек сіңірген əртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Мұхаммадғали Әбдуов, аталған ЖОО-ның доценті,  филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер Айтбай Жұмағұлов секілді сарапшылардан құралған әділқазылар алқасы үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың шешендік шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, байырғы сөздерді орнымен түрленте пайдалануына, ойының жүйелігіне, сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударып, төмендегідей жүлдегерлерді анықтады: 

Бас жүлде – Амангелді Құрақбай – Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы (Қарағанды облысы);

І орын – Бахтияр Бекназаров – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы (Жамбыл облысы);

ІІ орын (екеу): Қуаныш Оспанов – М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері (Ақмола облысы);

Ақниет Қайырғалиев – Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің 4-курс студенті (Батыс Қазақстан облысы);

ІІІ орын (үшеу): Оразбек Бахатхан – Жастар бастамаларын дамыту облыстық орталығының инспекторы (Павлодар облысы);

Дастан Қастай – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 2-курс студенті (Алматы облысы);

Берікбол Амангелдинов – Шет аудандық орталық кітапханасының қызметкері (Қарағанды облысы).

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 2-курс студенті Айдын Нәжкеновке, айтыскер ақын, Аягөз аудандық Қозы Көрпеш-Баян сұлу атындағы мәдениет үйінің қызметкері Қазыбек Байжұмановқа, Астана қаласы көлік және коммуникациялар колледжінің оқытушысы Назарым Қасқатаевқа, Қызылорда облысы Қармақшы аудандық К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің» маманы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының Қармақшы аудандық бөлімшесінің төрағасы Айдынбек Скендіровке, Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би аудандық мәдениет үйінің әдіскері Тимур Тастановқа,    «Тілдарын» Қостанай облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Алтын Ташмағамбетоваға, Қарағанды қаласындағы №102 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айсұлу Нұртайға, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Әбілқайыр Тілеужанға, Қызылорда облысы Шиелі аудандық мәдениет үйінің қызметкері Асылбек Шәмшиевке ынталандыру сыйлығы табысталды.  

Қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Байқаудың қорытынды кешін Сырым Хордин және Мейрамгүл Кәріпжанова жүргізіп, елге кеңінен белгілі өнерпаздар –  Ержан Базарбеков, Меруеш Башай секілді танымал дәстүрлі ән орындаушылары, жыраулар толғауларын қобыз сүйемелдеуімен орындайтын Әлібек Бимендин және «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі әсем музыкалық нөмірлермен көмкерді.