Бүгін: 24.10.2019

Ағымдағы жылғы 13 желтоқсан күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешенінің   оқытуды біріздендірудегі рөлі» атты  тұсаукесер-семинары өтті.

Семинар жұмысына Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы  директорының орынбасары Есбосынова Лиза Қожаққызы, филолог ғалымдар,  облыс көлеміндегі тілдерді оқыту орталықтары мен курстарының қызметкерлері, департамент пен басқармалардың тіл саласына жауапты мамандары қатысты.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнәрайым Хасенқызы Қаңтарбекова модераторлық еткен семинар барысында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы  директорының орынбасары Лиза Қожаққызы Есбосынова, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология ғылымдарының докторы, профессор Шара Мәжітайқызы Мәжітаева,  осы университеттің  профессоры, филология ғылымдарының докторы Алма Советқызы Әділова сөз сөйлеп, «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені бойынша пікірлерін білдірді.

Семинардың практикалық бөлігінде Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері Мунира Шайхсламқызы Ағымбаева «Адамның мінез-құлқы» тақырыбында  шеберлік сабағын өткізсе, оқыту орталығының оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Динара Әбілсейітқызы Қуанбаева «Тәуелсіз елдің Президенті» деген тақырыпта онлайн сабақ үлгісін және оқыту орталығының аға әдіскері, педагогика ғылымдарының магистрі Жұпар Рысқұлқызы Жақанова «Сіз қанша тіл білесіз?» тренинг-сабақ үлгісін көрсетті.

  «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені мемлекеттік тілді меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігі мемлекеттік стандарты талабына лайықталған, өзінің мазмұны бойынша уақыт талабын ескерген әдістемеліктер қатарын толықтырады. Осы орайда, әзірленген көпдеңгейлік (А1-Қарапайым деңгей, А2 – Базалық деңгей, В1 – Орта деңгей, В2 – Ортадан жоғары деңгей) «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені мемлекеттік қызметшілер және тілді меңгергісі келетін жалпы ересектерге қазақ тілін оқытуда қолданылатын болады.  Сонымен қатар аталмыш оқу кешені мемлекеттік тілді үйренушілердің «ҚАЗТЕСТ» қазақ тілін меңгеруді бағалау жүйесі тестілеуінен өтуіне оң ықпалын тигізеді деп күтілуде. Кешенді әзірлеу барысында тілді тиімді оқытудың әлемдік тәжірибесі ескерілген. Республикада «Сарыарқа-2»  кешені жаңа стандартқа сай әзірленген, үздік оқу-әдістемелік кешен ретінде танылып,  қайта басылып шығып,  республиканың барлық орталықтарына таратылды.