Бүгін: 24.10.2019

Президент кезекті «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында  халқына салмақты  ой тастап, дәлелді тұжырым жасай отырып, кезек күттірмей жүзеге асырылуға тиісті нақты он міндетті айқындап берді. Осы міндеттер жүзеге асқан жағдайда ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі күшейе түспек әрі адам капиталы мәселесі өз шешімін таппақ.

Қазақстан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыс жасауда. Еліміздің Үшінші жаңғыруы басталды. Қазіргі уақытта технология әлемді өзгертуде. «Сандық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Қазақстан техникалық жағынан да, рухани жағынан да жан-жақты дамыған 30 елдің қатарына қосылатынына көзіміз жетті. Биылғы Жолдауда болашақта елiмiздiң қарқынды өсiп-дамуын қамтамасыз ететiн он міндеттің ішінде «Адами капиталдың жаңа сапасы» атты 7-міндетті жүзеге асыру үшін білім, ғылым, тіл саласына қатысты мәселелерге кеңінен тоқталған.

«Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – дей келе, қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екеніне баса назар аударған. Көп тіл білу заман талабы екені ҚР Президентінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», – деп атап көрсетілсе, биылғы Жолдауда «Үштұғырлы тіл» саясаты қалай, нақтылы қандай жолмен жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті.  Осы орайда біз Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», – деп ескерткенін естен шығармаймыз. Байыптап қараған адамға осы Жолдауда тілдің мәселесі нақты шешім тауып отырған сияқты. Олай дейтінім, біріншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мектептен бастап дұрыс қолға алыну керектігін ескертсе, екіншіден, қазақ тілінің лексикасын дұрыс жүйелеу керектігіне тоқталады. Оның бір ұшы терминдерді біріздендіруде жатыр. Осы уақытқа дейін өзімізді толғандырған «Терминдерді қалай қолдану керек?» деген сауалға нақты жауап алып отырмыз. Қазақ ғылымының тағдыры дұрыс қалыптасқан терминдерге байланысты екенін ескерсек, болашақта оның да шешімі табылатынына көзіміз жетіп отыр. Үшіншіден, қазақ жазуын жаңа латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығын тағы бір атап өтеді.   

Президенттің биылғы Жолдауындағы мәлімдемесі бiздiң болашақ өсуiмiздiң, өркендеуiмiздiң, тіліміздің мәртебесін арттырудың нақты тұғырнамасы iспеттi. Олай болса, көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға әрбір қазақстандық өз үлесін қосуға тиісті.

 

                                                  Ж.Жақанова,

Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері