Бүгін: 24.10.2019

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтарда жарияланған Қазақстан халқына Жолдауымен толық танысып шықтым. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын бұл Жолдау Қазақстанның түрлі тараптағы дамуына соны серпіліс беретін, алдағы жоспарды барынша нақтылай түсетін Жолдау деп санаймын.

Маңыздылығы неде? Таразылап көрелік.

Еліміздің даму жолындағы діттеген межесі - әлемнің әлеуетті 30 елінің қатарында көріну. Ол мақсатқа жетудің нақты 100 қадамы да айқындалды. Ел қуатын арттыруда маңызды рөл атқаратын индустрияландыру бағдарламасы өз нәтижелерін көрсетіп келеді. Белгіленген 100 қадамның қол жеткізген жетістіктері өз жемісін беруде. Айта кету керек, Қазақстан жұртына зор сілкініс әкелген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да халық тарапынан кең қолдау тапты. Елбасының сөзімен айтар болсақ, «бізде қажетті бағдарламалар бар». Солай бола тұра, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудың қаншалықты қажеті бар еді?

Мұның қажеттілігі былай нақтыланған: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде». Демек, біз өмір сүріп отырған дәл қазіргі уақыттың өзі күн тәртібіне іргелі мәселелерді алып шығып отыр. Аталмыш Төртінші өндірістік революция – осы маңызды шараларды орындау қажеттілігінен туындап отырған сілкініс. Революция аталуының сыры да осында болса керек.

Шындығында, бүгінгі уақыттың жылдамдығы да, жаңа өзгерістерді талап ететін қимыл-қозғалыстары да шапшаң. Қысқасы, өзгерістер көп. Бұл – әлемдік дамудың екпінінен туындап отырған өзгерістер. Ендеше осы қимылға сай, сол жылдамдыққа ілесе алар бағдарламалық шараларды қолға алу қажет деген сөз. Бұл тұрғыда Жолдау – осы қажеттіліктен туындап отырған және оңтайлы қадамдарды айқындап берген бағдарламалық құжат.

Еліміздің әр саладағы даму көрсеткіші саралана келіп: «Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс. Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар» деген жолдарда болашақ бағдары айқындалған. Ал осы сын-қатерлер мен мүмкіндіктер байқалатын кезең сынынан қалай жүдеп-жадамай шығуға болады? Жолдауда айтылған 10 міндет осы сынақтан сүрінбей өтудің жолы деп санаймыз. Индустрияландырудың жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» мүмкіндігін агро салаға енгізу, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру,  құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», адами капиталды жаңғырудың негізі деп санау, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігін орнықтыру, «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін жобасын жасау сияқты фундаментальді жұмыстар – осы Төртінші кезеңнің басты критерийлері.

Қазақстан тұрғыны ретінде жіктеліп айтылған 10 міндеттің ішінен маған айырықша әсер еткені – жетінші міндет, яғни адами капиталды жаңғырудың негізі деп санауды ұсынатын міндет. Мұнда дамудың ішкі импульсы саналатын білім мен ғылымға маңыз берілген. Әсіресе «Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек»,- деген тапсырмалардың болуы қуантады. Мұғалімдер еңбегіне айрықша маңыз берілген.

Осы Жолдауда да тілдің үштұғырлығына екпін беріле айтылған. «Қазақстандықтардың болашағы –  қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде»,- дейді Жолдауда.

Аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология мәселесіне тоқталып өткен Елбасының: «Терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек»,- деуі ой саларлық мәселе. Осы орайда Елбасы: «Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді»,- деп айқындап берді. Жаңа әліпбиге қатысты Президенттің талабы мен тапсырмасы нық әрі айқын. «2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет».

Меніңше, халық көңіліне жол тартқан Жолдаудың қуантарлық хабары – ең алдымен, әлеуметтік саладағы жасалынып отырған қамқорлыққа баса мән берілуі. Мәселен, республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асуы – қуантарлық хабар. Бұл – адами капиталға деген айырықша көзқарастың көрсеткіші.

Қысқасы, әрбір қазақтандық аталмыш Жолдау міндеттері мен талаптарын оқып, танысып, іштей талқылап, сарапқа салып, сонан соң «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек», - деген түйінінің маңызын тануы қажет. Жаңа Жолдау – жаңа табыстар мен соны серпілістер әкелетініне сенемін.

 

Ғазиз Ештанаев,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жезқазған қаласы «Тілтану» оқу-әдістемелік

орталығының директоры