Бүгін: 21.09.2019

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына өзгеріс енгізілдігі туралы жағымды жаңалық елді елең еткізді. Лингвист-ғалым ретінде аталған Жарлық қосымшасында берілген 30 әріп және 2 қосарлы әріптен тұратын жетілдірілген нұсқа көңілімізге әбден қонады. Бұл әліпби ақпараттық технологиялар заманында үйренуге де, жаһандық ақпараттық кеңістікте қолдануға да ыңғайлы.

 

 

 

 

 

 Біздің пайымдауымызша, жаңа қаріп ойды жаңғыртып, сананы сілкіндіруге, аймақтық және жалпы дүниежүзілік өркениет деңгейіндегі мәдениетаралық  үнқатысуды жаңа сапалық биікке көтеріп, әлемдік ақпарат кеңістігінде дербестікке  жол ашады. Өйткені, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты елдер, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттердің ұлттық ірі компанияларының құжаттарында және бірқатар Батыс елдеріндегі қазақ диаспораларының тұрмыс-тіршілігінде латын графикасы қолданыс тапқан.

Жазу тарихы бірнеше кезеңдерді бастан өткерген түркі халықтарының ішінде, ілкі кездерден латын графикасын пайдаланатын Түркия мемлекетін қоспағанда, Түрікменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан Республикалары кириллицадан латын әліпбиіне көшкеніне біраз уақыттың жүзі болды. Бірнеше жылға созылғанымен, кемшіліктері де бар екені сыналып жатады. Аталған елдердің жаңадан қабылдаған әліпбилеріне байланысты жетістіктері де, кемшіліктері де айтылатын сияқты қазақ елі тағатсыздана күтіп отырған жаңа әліпби, латын әліпбиі төл фонетикамызға оң өзгерістер әкелері сөзсіз. Әрине, кей адамдарда латын әліпбиіне көшу барысында сауатсыздық пайда болып, құнды мұралардан айырылуымыз мүмкін деген күмән болуы да ықтимал, бірақ бүгінгі таңда, ғылым мен техниканың дамыған сәтінде, компьютерлік бағдарламалардың мүмкіндігі мол кезде, кириллицамен жазылған мұрамызды жаңа әліпбиге көшіру мәселесі де қиындықсыз шешілері сөзсіз.

Қандай да істің бастамасында қиындық болатыны белгілі, бірақ әліпби мәселесінде ондай қорқыныш болмауы керек. Себебі бұл бір-екі жылда емес, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап сөз болып келе жатыр және Елбасы атап көрсеткендей, оқушылар ағылшын тілін оқу арқылы латын әріптерін меңгерген, ғалымдардың, барша қоғам өкілдерінің көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы қабылданды, жаңа әліпби үйрететін мамандар, оқулықтар дайындалып, бір-екі жылда әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Яғни жаңа әліпбиге көшу бірнеше кезең арқылы жүзеге асады. Ең бастысы, жаңа әліпби мен оған сәйкес емле ережелердің төл дыбыстарымыздағы ерекшеліктердің сипатын нақты көрсете алатындай, қазір қолданылып жүрген басы артық әріптерден құтылатындай, орфографиялық заңдылығымыздың табиғатына сай келетіндей болуында.

Аталған нұсқаны таңдауда барша халық болып белсене қатысқаны көңіл қуантады, себебі жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны бірлесе еңбек еткенде білінеді.

 

 

Тұрсынова Мархаба Ахметқалиқызы

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік

 университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты