Бүгін: 19.06.2019

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Г.Х.Қаңтарбекованың төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Күн тәртібінде өңірлерде тіл саясатын одан әрі жүзеге асыру және латын графикасына көшу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Гүлнарайым Хасенқызы тілдерді дамыту мен қолдану, қаржыландыруды ұлғайту, тұрғындарды Қазтестпен және тілдерді оқыту курстарымен қамту бойынша жұмыстың жағымды жақтарын атап өтіп, проблемалық мәселелерге жан-жақты тоқталды.  

Қазтестпен қамту саны ұлғайғанына қарамастан мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің қазақ тілін меңгерудің орта (В1) және жоғары (С1) деңгейлерін растауы әлі де болса төмен.  Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы «Қазтест» жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді С1 деңгейінде меңгерген «мемлекеттік қызметшілердің үлесі» және «мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесі» нәтижелері көрсеткіштеріне Қазтест бойынша тест  тапсыруға тиісті дайындықтың болмауы салдарынан, қол жеткізілмеді. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқыту курстарымен қамту көлемінің ұлғаюына қарамастан, курстарды аяқтап, сертификат алған тыңдаушылар Қазтест бойынша тестілеуге  қамтылмаған.

Теміртау, Сәтпаев, Шахтинск, Саран, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Приозерск қалалары сияқты кейбір өңірлерде тілдерді дамыту саласына қаржыландыру жеткілікті бөлініп, Ақтоғай, Ұлытау аудандарында 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге өскенін атап айтқан жөн.

Ономастикалық кеңістікті реттеу жұмысында да оң серпін байқалады. Өткен жылы ономастикалық комиссиялармен 207 елді мекендер мен көшелердің атауларын өзгерту бойынша ұсыныстар мақұлданды. Бұл бағытта Приозерск, Сәтпаев қалалары, Нұра, Шет, Абай аудандарының тілдерді дамыту бөлімдері жемісті  жұмыс атқарды.

Балқаш қаласында белсенді жұмыс жүргізіліп, былтырғы  жылы «English time» клубы ашылса, Жезқазған қаласында мультимедиялық кабинет ашылды. Биылғы жылы Абай ауданында оқыту орталығын ашу жоспарлануда.

Қарағанды облысы әкімінің қаулысын орындау мақсатында, қала және аудан әкімдерінің өкімдерімен мемлекеттік тілдегі құжат айналымды бақылау бойынша жұмыс топтары құрылды және барлық мемлекеттік мекемелерде жауаптылар бекітілді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлік тілдерді дамыту бөлімдерінде сайттар ашу бойынша жұмыстар жоспарлануда. Барлық деңгейдегі кітапханаларда қазақ ақындары мен жазушыларының кітаптарын, әдістемелік оқу құралдарын қазақ тілінде цифрлеу жүргізілуде.

Өңірлік кеңесте тоқталған тақырыптардың бірі – жаңа латын әліпбиіне көшу бойынша жұмысты ұйымдастыру болды. Басшыларға аталмыш мәселені айқындау бойынша іс-шаралар жоспарын, медиа-жоспарлар құрып, 2018 жылдың 2-ші жарты жылдығында оқытылатындардың тізімін қалыптастыру туралы тапсырмалар берілді.

Басқарманың әкімшілік бөлімінің басшысы Құралай Дәрімбаева Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жеке меншік әріптестік туралы» Заңын іске асыру және түсіндіру мақсатында сөз алып, қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.

Барлық өңірдің бөлім басшылары атқарылған жұмыстар, перспективалар және проблемалық мәселелер жөнінде есеп берді. Мәжілістің қорытындысы бойынша басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбековамен нақты хаттамалық тапсырмалар беріліп, қала және аудан әкімдеріне хаттар жолданды.