Бүгін: 21.09.2019

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы республикалық Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, 2013 жылдан бастап тұрақты негізде облыстың мемлекеттік және азаматтық қызметшілерін тестілеуден өткізуде.2013-2017 жылдар аралығында тест жұмыстарымен барлығы  17 мыңға жуық адам қамтылды.  Өткен жылы облыста 4619 адам аталған жүйе бойынша тестілеуден өтіп, 4585-і тілді түрлі деңгейде білетіндерін дәлелдеді. Жалпы тестілеу нәтижесі мемлекеттік қызметкерлердің 41%-ы қазақ тілін орта (В1) деңгейде, 1,3%-ы жоғары (С1) деңгейде білетіндерін көрсетіп отыр.

2018 жылы Қазтестпен 6 мың адамды қамту көзделуде. Қазтест тапсыруға алдын ала дайындау, «Қазтест»  құрылым жүйесімен және бөліктерімен тереңірек таныстыру мақсатында  ағымдағы жылғы 15 наурызда Достық үйінде «Қазтест» стандартын түсіндіруге негізделген шеберлік сыныбы» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинар жұмысына облыстық басқармалардың, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары, әдіскерлері, мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме мамандары  қатысты.

 Іс-шара барысында   Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі ұлттық тестілеу орталығы, Қазтест жүйесін дамыту жөніндегі басқарма басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Мәншүк  Мұқаметқалиқызы Мұқаметқали  «Қазтест жүйесі: енгізу тәжірибесі, жетістіктері мен даму болашағы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасаса,  «Назарбаев Университеті» Қазақ тілі және түркология кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі Күлән Бейсенбайқызы Көпеш «Сөйлеу әрекетін меңгертудегі әдістер және заманауи технологиялар»  тақырыбында онлайн режимде практикалық сабақ көрсетті.

Семинарға қатысқан жауапты мамандар өңірлерде осы бағытта жұмыстарды жалғастыратын болады.