Бүгін: 19.06.2019

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінде «Қазақ жазуының жаңа кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.Іс-шараны ағымдағы жылдың наурыз айында ресми ашылған ҚарМУ жанындағы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру орталығы ұйымдастырды.Алғысөз алған филология ғылымының докторы, профессор Ш.Мажитаева дөңгелек үстел қатысушыларына атқарушы биліктің жоғарғы оқу орындарымен, ғылыми-сараптамалық қауымдастықпен диалог, тұрақты пікір және ақпарат алмасу тәртібіндегі жұмысты біріздендіру қажеттілігін атап өтті.

Дөңгелек үстел қатысушыларын Түркия, Молдавия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты шығыс елдерінің латын әліпбиін енгізу бойынша тәжірибелерімен кеңінен таныстырды.Шараның модераторы, қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Е.Түйте Орталықтың алдағы жылдарға арналған жоспарымен және жүргізіп жатқан жұмыстарымен таныстырып өтті. Атап өту керек, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдарымен қазақ тілін латын графикасына көшіруді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде, «Латын графикасы» тақырыбында элективті курстар ұйымдастырылуда, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі кеңсе әрекет етеді, бұл бағытта жоғарғы оқу орындарының ғалымдар тобы бірлескен жұмыс атқаруда. Сонымен қатар iOS платформасында мәтінді кириллицадан латын графикасына көшіру мобильдік қосымшасы әзірленгенін де атап өту керек. Үлгі ретінде университет тарапынан пилоттық жоба ретінде басылған, латын әліпбиінің апострофты нұсқасындағы еңбектермен таныстырды. 

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің басшысы Ә.Қашқынбек облыста латын әліпбиіне көшу шеңберінде жүргізіліп жатқан ұйымдастырушылық жұмыстары және жоспарлы шаралар жайында ақпарат берді.

ЖОО-лардың жетекші мамандары, лингвистері және тіл мамандары жаңа әліпбидің орфографиялық және орфоэпиялық ережелерін дайындау мәселесіне қатысты пікірлерін белсенді білдірді.

Дөңгелек үстел жұмысының нәтижесі бойынша әзірленген ұсыныстар ресми рәсімделіп, мүдделі мемлекеттік органдарға, оның ішінде А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі Институтына жолданатын болады.