Бүгін: 19.06.2019

2018 жылдың 06 сәуірінде Қарағанды облысы әкімдігінің ғимаратында селекторлық режимде мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру бойынша комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Отырысқа комиссия мүшелерінен тыс бейнережимде қала, аудан әкімдерінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Спабеков, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Қ.Қожықаев және Осакаров ауданы әкімінің орынбасары А.Шалабаева мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі, Қазтест тапсыру, тілдерді оқыту курстары және бүгінгі заманның идеологиялық талаптарына сай келмейтін көнерген атауларды бір жүйеге келтіру бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп берді.Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Г.Касембаева тіл саясатын жүзеге асыру бағытында облыс аумағындағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыстары туралы баяндады.

Облыс әкімінің орынбасары Ж.Әбішев Қаражал, Саран, Приозерск, Шахтинск қалаларында, Жаңаарқа ауданында тіл мамандарының жоқтығынан тіл саясаты төмен деңгейде жүзеге асырылып отырғанын айтып, аталған өңірлердің орынбасарларына осы мәселені шұғыл арада шешуді тапсырды.Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы – комиссия төрағасының орынбасары Г.Қаңтарбекова және комиссия мүшелері өңірлердің мекеме басшыларына Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының ағымдағы уақытта орындалуы жөнінде сұрақтар қойды.

Г.Қаңтарбекова отырысқа қатысушылардың назарын жоспардан тыс енгізілген өзекті мәселе – облыс деңгейінде латын әліпбиіне көшуді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарға аударды. Әкімдердің деңгейінде жоспарлар, медиа-жоспарлар бекітіп, орындалуын қадағалау; латын әліпбиіне көшу жұмысын көпшілікке түсіндіретін жұмыс топтарын құрып, халықпен кездесулер ұйымдастыру; БАҚ-та осы тақырыпта айдарлар ашу; өткізілген шаралардың БАҚ-та, интернет-ресурстарда кеңінен жариялануын қамтамасыз ету; өңірлерде тақырыптық көрнекіліктер, әлеуметтік банерлер орналастыру; ересек тұрғындарға латын графикасын үйрететін тіл мамандарын алдын ала даярлау; оқыту орталықтарының оқытушылары, мекеме, ұйымдардағы мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерді (аудармашы, хатшы, іс жүргізуші мамандар) даярлау, ең бірінші кезекте оқытылатын мемлекеттік және азаматтық қызметшілер санын, жалпы ересек тұрғындар санын анықтау және оларды кезең-кезеңмен оқыту графигін әзірлеу қажеттігін атап өтті.

         Комиссия төрағасы отырысты қорытындылай келіп, қала, аудан әкімдерінің орынбасарларына, өңірлік бөлімдердің басшыларына мемлекеттік органдардың шығыс құжаттарын орыс тілінде жолдау фактілерін доғарып, мемлекеттік тілді білмейтін мамандардың, бірінші кезекте басшылардың қазақ тілін меңгерулерін қамтамасыз ету, жоғарғы оқу орындары мен білім басқармасына жастарды латын графикасына кезең-кезеңмен оқыту жұмысын қолға алу, Білім басқармасына Үкімет жоспарына сәйкес білім саласында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңмен көшірудің 2025 жылға дейінгі облыстық жоспарын әзірлеп, облыс әкіміне бекітуге ұсыну, Ішкі саясат басқармасына өңірлермен бірлесіп латын графикасына көшу мәселесінде бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігін және тұрақты ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету; Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспарын мекемелерге жолдап, орындалуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырмалар берді.

         Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия 2011 жылдан бері әрекет етеді, отырыс жылына 4 рет өтеді.