Бүгін: 22.09.2019

13 сәуірде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті (одан әрі - Комитет) «Рухани жаңғыру: жаңа қазақ әліпбиі және мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырды. Аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері мен белгілі тілтанушы ғалымдар, республиканың барлық аумақтарындағы облыстық тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, тілге жауапты мамандар, министрліктердің қызметкерлері қатысты.

Шараны кіріспе сөзбен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Әлиев Қуатжан Серікқазыұлы ашып, семинар-кеңес жұмысына сәттілік тіледі. Комитеттің төрағасы Борашев Қуат Қахарманұлы өңірлік тіл мекемелері басшыларының басын қосудағы мақсаттарды айқындап, күн тәртібіне тоқталып өтті.Семинардың бірінші бөлігінде Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Тілешов Ербол Ердембекұлы «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ұйымдастыру жұмыстары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

ҚР МСМ Комитетінің Лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы Құбашева Гүлмира Мұғалқызы өңірлердегі ономастикалық жұмыстардың бүгінгі жай-күйі және оны жетілдіру жолдары туралы, Тілдерді дамыту және қолдану басқармасының басшысы Қожабек Амангелді Мұратұлы ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы жөнінде баяндап, облыстар бөлінісінде атқарылған жұмыстарды саралады және алдағы кезеңге арналған міндеттерді белгіледі.

Семинар-кеңестің екінші бөлігінде республикада тіл саясатын жүзеге асыруда алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген Қарағанды және Павлодар облыстарының тілдерді дамыту басқармалары басшыларының есептері тыңдалды. Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Қаңтарбекова Гүлнарайым Хасенқызы «Тілдерді дамыту саласындағы жаңа бастамалар» тақырыбында баяндама жасап, Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен латын әліпбиін енгізу мен үштілділікті дамыту мақсатында облыс орталығынан «Ресурстық тіл орталығы» ашылғанын қатысушыларға қуанышпен жеткізді. Көпшілік назарына іс-қағаздарын, көрнекі ақпаратты латын графикасына көшіру жұмысында көмекші болатын «www.krg.til» - қазақ мәтіндерін кириллицадан латын графикасына көшіру конвертерін» ұсынып, цифрлық технологияларды оқыту жұмысында пайдалану мақсатында, сәуірден бастап онлайн-қашықтықтан мемлекеттік тілге оқыту курстары басталғанын, сонымен қатар жеке меншік әріптестік аясында интерактивті оқыту бағдарламасын жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты. Облыс орталықтары бұл бастамаларға үлкен қызығушылық танытқанын айтпасқа болмайды.

Былтырғы жылы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен жарық көріп, республикадағы «ең үздік оқыту кешені» атанған «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қаржысы есебінен баспадан тегін шығарылып, республика аумағындағы оқыту орталықтарына таратылған болатын. Басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова осы жөнінде баяндай келіп Министрлікке, Комитет төрағасына алғысын жеткізді.

Басқарма басшысы Г.Қаңтабекова тек жұмыстағы жетістіктер мен жаңа бастамалар жөнінде ғана емес, барлық облыстарға ортақ болып отырған тіл оқыту қызметін мемлекеттік сатып алу, оқыту орталықтарын жекешелендіру салдары, көрнекі ақпаратты заңға сәйкестендіру төңірегіндегі проблемаларға да тоқталып өтіп, бұл проблемаларды шешуге Министрлік тарапынан қолдау сұрады.

Семинар соңында ғалым, философия  ғылымдарының докторы, профессор,  Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім және тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы мемлекеттік тілді дамыту саласындағы түйткілді мәселелер жайында ой қозғап, ұсыныстарын берді.

Жалпы, Мемлекеттік бағдарламаның сапалы орындалуын қамтамасыз еткен үш облыстың қатарындағы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жұмысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ерекше жоғары бағасына ие болғанын Комитеттің Тілдерді дамыту және қолдану басқармасының басшысы Қожабек Амангелді өз баяндамасында ерекше атап өтті.