Бүгін: 06.12.2019

2018 жылғы 14 қыркүйек күні Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Көмекей әулие атанған әйгілі жырау, ойшыл дана, көреген қайраткер Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына және Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Өлең сөздің данасы» республикалық мүшәйрасы өтті. Бұқар жырау ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен бастау алған игілікті шара «Шалқыма» концерт залында жалғасын тапты.

Мүшәйра мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін көтеру, Бұқар жыраудың әдеби мұрасын және тарихтағы елеулі орнын насихаттау, ақын-жыраулардың шығармашылығына қолдау көрсету арқылы жыраулық поэзияның дамуына ықпал ету, еркін елдің жарқын жетістіктерін, өткен тарихы мен кемел болашағын жыраулық поэзияның құдіреті арқылы қалың жұртшылыққа паш ету мақсатында ұйымдастырылды.

Жыр бәйгесіне 16-35 жас аралығындағы үміткерлердің жыраулық поэзия үлгісінде жазылған шығармалары қабылданды. Қатысушылар тарапынан Бұқар жырауға арналған өлеңдермен қатар Елордамыз – Астананың 20 жылдығы және қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді толғаған туындылар ұсынылды. Байқауға республиканың 11 өңірінен және облысымыздан барлығы 50 үміткерден өтінім келіп түсті. Соның ішінен қазылардың қатал елегінен екшеліп, Астана қаласы, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарынан таңдаулы 17 жүйрік 500 000 теңгені құрайтын бас жүлде үшін бақ сынасты.

Жыр додасында келесі қазылар төрелік етті:

Раушанов Есенғали Әбдіжаппарұлы – ақын, Қазақстан жазушылар одағының басқарма хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері – қазылар алқасының төрағасы;

Сарин Қалқаман Айымғазыұлы – Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Шалқар» ұлттық радиосының директоры;

Омарбекова Рымбала Кенжебалақызы – Қарағанды облысы әкімінің мәдениет мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері;

Абзал Бөкен – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты;

Әбдуов Мұхаммедғали Ілиясұлы – Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы, профессор, филология ғылымдарының докторы;

Жұмағұлов Айтбай Ботпайұлы – ақын, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Мүшәйраның жеңімпазы және жүлдегерлер дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бас жүлде – Мирас Асан (Астана қаласы);

І орын – Ғылымнұр Қыдыржанов (Түркістан облысы);

ІІ орын (екеу) – Олжас Қасым (Астана қаласы);

Қуанышбек Шарманов (Павлодар облысы);

ІІІ орын (үшеу)  – Альбина Мухамбетова (Атырау облысы);

Нұрболат Сатымқұл (Жамбыл облысы);

Ерқанат Кеңесбекұлы (Қарағанды қаласы);

Арнайы жүлде (үшеу) – Ақжігіт Амангелді (Астана);

Рауан Қабидолдин (Қарағанды қаласы);

Нұрбек Кеңесбайұлы (Павлодар облысы);

Ынталандыру сыйлығы (жетеу) – Қадырсұлтан Нүсіпхан (Алматы облысы); Мақсат Күземханов, Ерік Нарынов (Қарағанды қаласы); Таңсәуле Әгенқызы (Теміртау қаласы); Ақан Құмай (Бұқар жырау ауданы); Берікбол Амангелдинов (Шет ауданы).