Бүгін: 07.12.2019

Әрбір атау - тарихтың табы сіңген нысаналы белгі. Мұндай ұлттық және рухани байлығымыз саналатын топонимдерді зерттеу бүгінгі күн талабынан туындап отыр. Кез келген аймақтың жер-су атаулары өзінің бойына көптеген тарихи деректерді, этнографиялық мәліметтерді, географиялық сыр-сипаттарды сақтап отырады. Тек бір ғана Ұлытау аймағында бірнеше тарихи топонимдер көне кезеңнен жалғасын тауып келеді.

Ағымдағы жылы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында «Ұлытау өңірінің топонимикасы» атты жобаны жүзеге асыра отырып, зерттеу монографиясын жарыққа шығару көзделіп отыр.

Осыған орай, 25 қыркүйекте Ұлытау ауданының әкімдігі мен аудандағы №1 жалпы орта мектепте аталған еңбектің авторы Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жакин Мәулен Советұлының қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында ғылыми еңбек авторы өзінің зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары жайлы және елді мекендердің тарихи атауларын қайтару және оның құрамдас бөліктерін ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта атау мәселелерін қозғады. Бүгінгі идеологияға сай келмейтін көнерген атауларды жаңа заман талабына сай өзгерту - ұлт санасын жаңғыртуға бастар үлкен міндет екенін баса айтты.   Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар кезекті аппарат жиыны барысында кент-ауыл әкімдеріне  өңірде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды бүгінгі күн талабына сәйкес тарихи, дәстүрлі, ұлттық рухқа жақын атаулармен ауыстыруға бағытталған тапсырмалар берді. Ісшараға  аудан әкімінің орынбасарлары, кент, ауыл әкімдері және мекеме басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, мұғалімдер және мектеп оқушылары қатысып, ономастика саласындағы өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.