Бүгін: 23.08.2019

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен ү.ж. 26 қыркүйекте «Latyn grafikasymen jazý dagdysyn qalyptastyrý joldary» тақырыбында шеберлік сыныбы өткізілді. Шараның мақсаты – латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі туралы ақпарат беру, ересектерге жаңа қазақ әліпбиін үйрету барысында туындайтын проблемаларды талқылау, тренингтер мен шеберлік сыныптарын өткізу арқылы жаңа әліпбиде жазу және оқу дағдысын қалыптастыру.

Шараның бірінші бөлімінде Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Ахметқалиқызы Тұрсынова жаңа қазақ әліпбиі туралы ақпарат беріп, «Емле ережелерінің жобасы: пікірлер мен ұсыныстар» тақырыбында дәріс оқыса, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Аманқұлұлы Қалиев «Қазақ тілі фонетикасының өзекті мәселелері» тақырыбын жан-жақты талдап берді.

Шараның екінші бөлімінде Ресурстық тіл орталығының әдіскерлері Жансая Мұхамеджанова «Жаңа әліпби негізінде жазылым мен оқылым дағдыларын қалыптастыру» атты тәжірибелік тренинг жүргізіп, қатысушылар арасында топтық ойын ойнатты, ал екінші әдіскер Әсия Смықова «Жаңа қазақ әліпбиін тиімді меңгерту жолдары және ішкі психологиялық кедергіден арылу аспектісі» тақырыбында психологиялық тренинг жүргізді.

Шара барысында қалалық және аудандық тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары, оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары, облыстық басқармалардың мамандары түрлі қызықты жаттығулар мен тапсырмалар орындап, қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша өз пікірлерін ортаға салды, сондай-ақ Ресурстық тіл орталығы тарапынан латын графикасында әзірленген Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін караоке форматында шырқады.