Бүгін: 06.12.2019

 Селекторлық режимде мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс жұмысына комиссия мүшелерінен басқа селекторлық режимде: қала және аудан әкімдерінің әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.

Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Н.Есентаев "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" ҚР Заңының орындалуы туралы баяндама жасады. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары И.Любарская Қарағанды қаласы бойынша көрнекі ақпарат пен жарнамада тілдік нормаларды сақтау жөнінде есеп берді. Шахтинск қаласында мемлекеттік тіл саясатын ақпараттық қолдау және мемлекеттік БАҚ-та қазақ тіліндегі контент үлесін арттыру бойынша жұмыстар туралы Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Қ.Тілеубергенов есеп берді.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы-комиссия төрағасының орынбасары Г.Қантарбекова латын әліпбиіне көшу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру мәселесі бойынша жоспардан тыс баяндама жасады.

Комиссия мүшелерін Қарағанды қаласындағы көрнекі ақпарат мәтіндерін келісу мәселесі қызықтырды. Олар кәсіпкерлік субъектілеріне жататын жеке және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңының талаптарын бұзуға жол бермеу мақсатында кәсіпкерлер палаталарымен, сондай-ақ Қарағанды облысының Әділет және Мемлекеттік кірістер департаменттерімен бірлесе отырып, олардың атауларын келісу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша қала және аудан әкімдерінің орынбасарларына, өңірлік бөлімдердің басшыларына БАҚ-тағы мемлекеттік тілдегі контенттің үлесін арттыру және шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі рәсімделуін ерекше бақылауға алу тапсырылды. 

Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі Комиссия 2011 жылдан бастап әрекет етеді, отырыс жылына 4 рет өткізіледі.