Бүгін: 23.08.2019

 2018 жылдың 10 қазанында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Г.Х. Қантарбекованың төрағалығымен Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын талқылау, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау бойынша кеңейтілген жиын өткізілді.

Жиын барысында Мемлекеттік бағдарламада, аумақты дамыту бағдарламасында көрсетілген нысаналы индикаторлар, нәтижелер көрсеткіштері бойынша өзгерістер; облыс тұрғындарына мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту; қазақ тілін С1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің үлесін арттыру мәселелері талқыланды. Мемлекеттік органдардың жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесіне қатысты мәселелер; маңдайша жазуларын және сыртқы жарнаманы, көше көрсеткіштерін (аншлаг) "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" ҚР Заңының 21-бабына сәйкес орналастыру талаптарын сақтау; ономастикалық кеңістіктегі жағдай; латын графикасына көшуге дайындық жұмыстары жеке қаралып, басқарма басшысы Г.Қантарбекова бірқатар өңірлердің басшыларын көтеріп,  жекелеген мәселелер бойынша жауапкершіліктерін арттыруды тапсырды.

2018 жылдың 9 айында 6 тілдерді оқыту орталықтары мен өңірлік тілдерді дамыту бөлімдері жанындағы курстармен барлығы 2196 адам оқытылғандығы атап өтілді. Бұл бағытта Теміртау қаласында 30 адам, Ғ. Сәтбаев қаласында – 20 адам, Осакаров ауданында – 6 адам жоспардан тыс артығымен оқытылған.

Ағылшын тілін 1399 адам оқыту жоспарланды, нәтижесінде 1402 адам оқытылды: Теміртау қаласында 42 адам, Шахтинск қаласында 11 адам, Саран қаласында 21 адам, Ақтоғай ауданында 1 адам артығымен оқытылды. Бұл жалпы динамикаға оң ықпал етіп отыр.

«Мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі (жыл сайын 10%-ға)» мәселесі жеке қаралды, ол бойынша кейбір өңірлер көрсеткішке қол жеткізілбен. Оң серпін Қарағанды (55,3%), Приозерск (30,7%), Жезқазған (20,2%), Бұқар Жырау (11,1%), Абай (10,6%) және Нұра (10,3%) аудандарында байқалады.   

Сондай-ақ, жиын барысында Қарағанды облысы әкімінің жетекшілік етуші орынбасары мен басқарма басшысының тапсырмаларын орындау тәртібінің  жай-күйі сөз болды.

Кеңестің күн тәртібінде Шахтинск қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С. Қ. Ибраева көрсетілген кезеңде өңірде жүргізілген жұмыстар туралы және «Ресурстық тіл орталығы» бөлімінің басшысы Ж.Р.Жақанова мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары және олар бойынша қабылдануы тиіс шаралар туралы есеп берді. 

Аймақтардағы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру саласындағы қол жеткізілген нәтижелерді талқылай келе, аумақтық бөлімдердің басшыларына қойылған міндеттерді іске асыруға барынша жауапты қадам жасау қажеттігі айтылды. Басқарма басшысы аймақтардың тұрғындары үшін жаңа әліпби бойынша тренингтер, шеберлік сыныптарды тұрақты ұйымдастыруды тапсырды.