Бүгін: 06.12.2019

Ү.ж. 9 қазанда Ұлытау ауданы әкімдігінің мәжіліс залында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруді насиxаттап, түсіндіру мақсатында облыс аумағында шілде айында бастау алған “Латынша жазып, дағдыланамыз» тренингі өз жалғасын тапты. Тренингке Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы С.Нелдібаева, Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының директоры Г.Мұстағұлова және аудан әкімі аппаратының басшысы Д.Айтбекұлы, сондай-ақ аудандық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 2 шілдедегі №401 қаулысымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Оның негізгі міндеттерінің бірі – қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізу, тіл мәдениетін жетілдіру.

Осы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру мақсатында жиын барысында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы С. Нелдібаева өз баяндамасын жасады. Одан кейін тренинг жүргізу үшін сөз кезегі Г.Мұстағұловаға беріліп, қатысушылардың дағдыларын қалыптастыру мақсатында әртүрлі ойындар, латынша караоке әндер орындалды.

 Сондай-ақ  жаңа  әліпбидегі өзгерістерді тез есте сақтау мақсатында тәжірибелік тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, тренингке қатысушылар берілген суреттерге қарап, оларды атаулы топтарға бөліп жазу тапсырмасын қиындықсыз орындап, нәтижесінде өздері акут диакриттік таңбасы қазақтың төл дыбыстарына тән деген шешімге келді. «Кім жылдам» ойынының барысында 2 топ мүшелерінің біреуінде мүлдем қате табылмай, екінші топтың сөздік қорынан 8 қате табылды. Оған қоса латынша караокемен ән айту барысында алғашқы Шәмшінің «Арыс жағасында» әнін орындау жеңіл болса, екінші ырғақты «Мен қазақпын» әніне көпшілік ілесе алмады. Бұл өз кезегінде жаңа әліпбимен танысып, базалық білімдерін қалыптастырып жатқан жандардың әлі де дағдыларды қалыптастыру үшін біршама уақыт кететіндігін айқындайды.