Бүгін: 23.08.2019

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Шалқыма» концерт залында қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық мүшәйрасының марапаттау шарасы өтті.

Осыған дейін өткізіліп келген облыстық мүшәйраға өңірдегі 200-ден аса қалам иелері қатысқан. Көптеген дарынды жас ақындардың танылуына өзіндік септігін тигізген бұл шара биыл алғаш рет бүкіл республика көлемін қамтып отыр. Биыл еліміздің 16 өңірінен 18-40 жас аралығындағы барлығы 70 үміткер бақ сынап, соның ішінен қазылар шешімімен 10 өңірдің – яғни Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Қарағанды облыстарының атынан өтінім тапсырған 17 қатысушы іріктелді. Ережеге сәйес, үміткерлер Қасым Аманжоловқа арнау, «Рухани жаңғыру» тақырыбы және еркін тақырыпқа – барлығы 3 өлеңнен ұсынған болатын.  

Әділқазылар алқасы  шығармаларда тақырыптардың ашылуын, өлеңдердің көркемдік сапасы мен стильдік қолтаңбаларының ерекшеленуін ескеріп, жүлдегерлерді анықтады. Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Сонымен әділқазылар шешімімен ынталандыру сыйлығына (30 мың теңге) Қуат Ежембеков (Астана қаласы), Саят Қамшыгер (Алматы қаласы), Думан Саматұлы (Ақмола облысы), Марлен Ғилымханов (Батыс Қазақстан облысы), Мизан Жұмаәлі (Павлодар облысы), Ақерке Әбдікәрім (Қарағанды облысы), Салтанат Кеңесбекова (Қарағанды облысы), Мақсат Күземханов (Қарағанды облысы), Сұлтан Дәулетхан (Қарағанды облысы) ие болса, «Үкілі үміт» арнайы жүлдесіне (50 мың теңге) Ерік Нарын (Қарағанды облысы) лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орын (150 мың теңге) «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Хамит Есаманға, Түркістан облысынан келген Арқалық Әмәлиятұлына және алматылық Мұхтар Күмісбекке бұйырды. Екінші орынды (250 мың теңге) Қарағанды облыстық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Жанат Жаңқашұлы және  Маңғыстау облысынан келген Асылбек Жаңбырбай иеленді. Ал бірінші орын (350 мың теңге) Рауан Қабидолдинге бұйырса, бас жүлде – 500 мың теңгені Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің аға тілшісі Жәнібек Әлиман иеленді.