Бүгін: 13.11.2018

Ү.ж. 19 қазанда «Kazahkmys Maker» ЖШС-нда қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруге қатысты түсіндіру жұмысы жүргізіліп, оның аясында «Қазақша оқы, latynsha jaz!» тақырыбында тәжірибелік тренинг өткізілді.

47 тыңдаушы қатысқан шарада жиналғандардың көпшілігі жаңа әліпбиге қатысты көкейде жүрген сұрақтарын қойып, белсенділік танытты. Емле ережесін түсіндіру барысында шет тілінен енген кірме сөздердің ё-ó - dırıjór, rejısór; ю-ú - polús, kompúter, ц-s konsert, sırk сөздерінің, сондай-ақ әліпбиде екі таңбамен берілген Sh (ш) және Ch (ч) әріптерінің дыбысталуы мен жазылуына қатысты түрлі пікірлерін ортаға салды.

Қатысушылар жаңа әліпбиге өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті, себебі ағымдағы әліпбиді пайдалану барысында осы әріптермен жазылған сөздер ұзақ жазылып, әу баста әліпби түзудегі бір дыбыс-бір әріп ұстанымына қайшы келеді.

Жаңа әліпбидегі өзгерістер талқыланған соң, Ресурстық тіл орталығының әдіскері Ж.О.Мұхаметжанова тарапынан тәжірибелік тренинг жүргізілді. Емле ережесіндегі өздерін толғандырған кейбір түйткілді мәселелер кейін шешімін табатынына сенім білдірген қатысушылар жазу және оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатында әзірленген түрлі танымдық мәтіндерді оқу мен тапсырмаларды орындау барысында жаңа әліпбиді үйренуге үлкен қызығушылық танытты.  

Сонымен қатар, Ресурстық тіл орталығы тарапынан әзірленген латын графикасына негізделген караоке жобасына қатысты идеяны қолдап, Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін барлық қатысушылар қосыла шырқады.

Осы шараның қорытындысы бойынша «Kazahkmys Maker» ЖШС-ның ұжымы Орталық мамандарына алғыстарын білдіре отырып, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады деген сенімдерін білдірді.

P.S. Сонымен, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі түсіндіру жұмыстары өңіріміздегі мемлекеттік емес секторда да бастау алды.