Бүгін: 13.11.2018

2018 жылғы 30 қазан Қарағанды қаласында, 31 қазан Жезқазған, Сәтбаев қалаларында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Жаңа емле ережесіндегі дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбында әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің арасында ақпараттық-насихаттау шарасы өткізілді.

Шараның мақсаты – латын графикасына негізделген жаңа әліпби негізінде әзірленген емле ережелерінің мазмұны мен құрылымын түсіндіру, емле ережесіндегі басты жаңалықтармен бөлісіп, көпшілік қауым арасында ғылыми-танымдық көзқарас қалыптастыру, жаңа әліпбиге қатысты мәселелерді көпшілікпен талқылау арқылы халықтың әліпби реформасын оң қабылдауын қамтамасыз етіп, көпшілікпен ғылыми-практикалық байланыс орнату.

Ғылыми сараптамадан өткізілген емле ережелерінің жобасы 2018 жылғы 27 қыркүйекте Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына ұсынылды. Ұсынылған жоба мазмұны осы шара барысында көпшілікке ғылыми тұрғыдан түсіндіріліп, емле мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Сондай-ақ ақпараттық-насихаттық шарада орфографиялық, терминологиялық және әдістемелік жұмыс топтарының мүшелері мен тілші ғалымдар жаңа әліпбиге көшудің мәні мен емледегі өзекті мәселелер жөнінде баяндама жасап, ереженің негізгі қағидаттарымен және басты жаңалықтарымен таныстырды.

Шараға мемлекеттік қызметшілер, білім беру ұйымдарының қызметкерлері (бастауыш мектеп мұғалімдері, балабақшаның дайындық топ тәрбиешілері, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері) мен жоғары сынып оқушылары, ЖОО мен колледждердің оқытушылары мен студенттері және жалпы көпшілік, барлығы 1130 адам қатысты.

Шара соңында Ресурстық тіл орталығы тарапынан латын графикасына негізделіп дайындалған караоке жобасын барлық қатысушылар бірлесе шырқады.