Бүгін: 11.12.2018

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында І «Үштілді көшбасшы» облыстық интеллектуалды байқауы өтті. Байқауға облысымыздың ең білімді де дарынды оқушылары іріктелініп алынды.

Бой емес, ой жарыстыратын заманда білімділер додасының ұйымдастырылуы – заңды құбылыс. Оның ішінде үштілді ұрпақтың қаулап Оның ішінде үштілді ұрпақтың қаулап өсуін бір қосыңыз.

Тұңғыш ұйымдастырылып отырған «Үштілді көшбасшы» облыстық байқауына Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты, №1 және №2 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаттары, «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты,  «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаты, Қарағанды қаласы химия және биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 9-10 сынып оқушылары қатысты. Барлығы – 8 оқушы.

Ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова: «Байқаудың шарты бойынша, қатысушылар білімімен қатар үш тілді жетік меңгергендігін дәлелдеуі тиіс. Байқау туралы бір жарым ай бұрын хабардар еттік. Оқушылардың дайындалуына мүмкіндік бердік. Байқау алдағы уақытта өз жалғасын тауып, студенттер арасында өткізуді жоспарлап отырмыз» деді.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, үш тілді жетік меңгерген жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамыту мақсатында өткізілген додаға Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің Ш.Құдайбердіұлы атындағы «Тілдердің үштұғырлығы» орталығының директоры Әубәкіров Нұрлыбек Маманұлы, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор Балмағамбетова Жаннат Төлеуқызы, SBTC оқыту орталығының аға оқытушысы Зорин Сергей Михаилович төрелік етті.

Байқау төрт кезеңді қамтыды. Екінші кезеңнен үздік шыққан төрт оқушы үшінші кезеңде әдебиет, кино әлемі, тарих, салт-дәстүр тақырыбындағы сұрақтарға жауап берді. Ақтық сынға екі оқушы шығып, «Пікірталас» кезеңінде жеңімпазды анықтады. Нәтижесінде №1 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының оқушысы Бейбіт Ерболатұлы үздік шықты. Екінші орынды №2 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының оқушысы Дидар Сейтқазиева иеленді. Үшінші орын Қарағанды қаласы химия және биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дарын Құлкеновке бұйырды. Жүлделі орынды иеленген үш оқушыға дипломдар мен естеліктер табысталды. Бірінші орын алған Бейбіт Ерболатұлы І «Үштілді көшбасшы» облыстық байқауының Кубогіне ие болды. Қатысушылардың барлығы алғысхатпен марапатталды.