Бүгін: 11.12.2018

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен ұлттық мәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептер мен курстарда қазақ және ана тілдерін оқыту кезінде туындайтын мәселелерді анықтау, оқыту әдістемесін  жетілдіру, оқытудың озық тәжірибесін зерделеу және талдау мақсатында семинар-тренинг өтті.

Шара басталмас бұрын жалпыреспубликалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы қорытындыланып өңірлерден белсене қатысқан этнос өкілдері марапатталды.

Семинар барысында этномәдени бірлестіктер жанындағы оқыту курстары мен жексенбілік мектептердің оқытушылары:  «Хвилинка» украин  этномәдени бірлестігінің жетекшісі Сергеева Ирина Адамовна «Шет тілдерін оқытудың қажеттілігі», «Видергебурт»  неміс орталығы Қарағанды облыстық қоғамы  Шахтинск қаласындағы жексенбілік мектептің неміс тілі оқытушысы Абдрахманова  Алена Разиховна  «Сабақтың белсенді әдістері мен формалары», қазақ тілі оқытушысы Қуанбаева Динара Әбілсейітқызы «Тіл білудің пайдасы» тақырыптарында үлгілік сабақтарын көрсетті.

Сонымен бірге,  Ресурстық тіл орталығының  әдіскері Смықова Әсия Даниярқызы «Қазақша оқы, латынша жаз!» тренингін өткізді.

        Семинар-тренингке этномәдени бірлестіктер өкілдері, жексенбілік мектеп оқытушылары,  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім Кеңесінің, облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» ҚБ мүшелері, орыс тілді аудиторияларда  қазақ тілінен сабақ беретін колледж оқытушылары, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының «Ресурстық тіл орталығы» КММ оқытушылары мен әдіскерлері, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушылары қатысты.

     Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.