Бүгін: 17.07.2019

Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында Ұлытау ауданы әкімдігінің мәжіліс залында тарих ғылымдарының кандидаты, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Мәулен Жакиннің «Ұлытау өңірінің топонимикасы» кітабының тұсаукесері өтті. Монография Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен дайындалған.

Бұл ғылыми зерттеуде аумағына Ұлытау ауданы, Жезқазған және Сәтбаев қалалары кіретін Ұлытау өңірінің топонимикасының географиялық, тарихи және тілдік негізі мәселесі қарастырылған. Ұлытау ауданы аумағына қатысты ХІХ-ХХ ғасырлардағы елді мекен, жер-су атауларының географиялық, тарихи және тілдік сипаттамалары және сұлбалық картасы оқырман қауымға алғаш рет ұсынылып отыр. Кітап өлкетанушыларға, гуманитарлық саладағы барлық ізденушілерге және жалпы оқырман қауымға арналған.

Аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев модераторлық еткен жиын барысында  Мәулен Жакин аталмыш еңбекті көпшілікке таныстырып, Жезқазған қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының директоры, өлкетанушы Кенжеәлі Балкенов, Ұлытау аудандық орталық кітапханасының қызметкері Сандуғаш Дүйсенбаева өңірдің тарихы, жер-су атаулары туралы баяндама жасады. Аудандық мәдениет үйінің қызметкері, әнші Венера Құлахметова шараны әсем әнмен әрледі.

Кездесу барысында ғылыми еңбек авторы өзінің зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары жайлы және елді мекендердің тарихи атауларын қайтару және оның құрамдас бөліктерін ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта атау мәселелерін қозғады, бүгінгі идеологияға сай келмейтін көнерген атауларды жаңа заман талабына сай өзгерту - ұлт санасын жаңғыртуға бастар үлкен міндет екенін баса айтты.

Іс-шараға қатысқан аудан тұрғындары ономастика саласындағы өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.