Бүгін: 17.07.2019

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен, Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып  «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» айлығы аясында рейд жүзеге асырылды. Бақылау шарасының мақсаты – шағын және орта бизнес өкілдеріне тіл туралы заңнама талаптарын түсіндіру. 

Ерікті қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан рейд барысында Қарағанды қаласының Зональная көшесінің бойындағы 17 нысан қамтылып, оның 5-еуінен қателік анықталды. Кәсіпкерлік нысандарының әкімшіліктеріне заңнама талаптарын, сондай-ақ көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі грамматикалық және стильдік қателерді түзету бойынша  әдістемелік көмек көрсетіліп, түзету мерзімі көрсетілген ұсынымхаттар тапсырылды. Шара барысында мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы, қазақша мәтіндеріндегі стильдік қателер, ұлттық комиссияда мақұлданған латыннегізді әліпби мен оның емле ережелеріне қайшы келетін деректер кездесті.

Ағымдағы айлық жұмысы облыстың барлық өңірлерінде 1 наурызға дейін жалғасатын болады. Егер көшеде ілінген көрнекі ақпараттар мен жарнамалардан қателіктер анықтасаңыздар, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы 8 (7212) 567476 телефон нөмірі арқылы «Жедел желі» қызметіне хабарласуларыңызға болады.