Бүгін: 17.07.2019

14 ақпан күні Қарағанды облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға қоғам белсенділері, тіл жанашырлары, филолог-ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, орталықтар директорлары, сондай-ақ облыс өңірлері әкімдерінің әлеуметтік сала бойынша орынбасарлары селекторлық режимде қатысты.

Кеңестің күн тәртібіне тілдерді дамыту саласындағы бірнеше түйткілді мәселелер шығарылып, оларды шешу жолдары талқыланды. Атап айтқанда, облыс аумағындағы мына бағыттардағы атқарылған жұмыстар талданып, алдағы бағдар айқындалды:

  • мемлекеттік тілді оқыту мәселелері;
  • облыстың ономастикалық кеңістігі;
  • көрнекі ақпараттардың сауатты ресімделуі;
  • мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, ақпараттық қолдау.

«Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Темірғали Көкетай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңірлік жобалық кеңсе бас менеджері Бахытқали Мұсабеков, «Болашақ» академиясының профессоры Құрманғазы Сембиев, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценттері Жаңбырбай Қағазбаев, Салауат Кентбеков, ҚарМТУ-дың «Тілдердің үштұғырлығы» орталығының директоры Нұрлыбек Әубәкіров, журналистика саласының ардагері Сағат Батырханова, «Айқын» республикалық газетінің облыстағы меншікті тілшісі Ләззат Қожахметова, «Арқа ақшамы» облыстық газетінің бас редакторы Жанат Жаңқашұлы секілді тіл жанашырлары көкейдегі сауалдарын қойып, келелі ұсыныстарын білдірді. Ұсыныстар негізінен мемлекеттік органдардағы жиындарды мемлекеттік тілде өткізу, облыс орталығындағы ономастикалық кеңістікті реттеу бойынша жұмыстарды қарқындату, көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тілдің қолданысын реттеу мазмұнын қамтыды.

Асхат Қанатұлы бірінші кезекте  қазақ тілін білу мемлекеттік қызметшілерден бастау алу қажеттігіне баса назар аударып, мемлекеттік тілді оқыту және тіл меңгерген тұлғаның тілдік құзыретін одан әрі жетілдіру, көрнекі ақпараттар мәтінінің сауатты жазылуы үшін кәсіпкерлермен ықпалдастықты арттыру, ономастикалық саясатты тұрғындарға жете түсіндіру арқылы жүзеге асыру бойынша межелерді сала қызметкерлеріне жұмыс барысындағы негізгі басымдық ретінде міндеттеді. Облыс әкімінің орынбасары тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға және өңірлердің әкімдері орынбасарларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 :