Бүгін: 21.04.2019

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Үш байлық» ҚБ-мен бірлесіп латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне халықты дағдыландыру бойынша жоспарлы тренингтер өткізуде. Егер, 2018 жылы осындай тренингтермен облыс орталығына жақын орналасқан 5 қала қамтылса, биыл 13 өңірден 3 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда.

Бұл жолы жұмыс тобы кесте бойынша төрт аймаққа ат басын тіреді. Олар: Қарқаралы, Бұқар Жырау, Нұра және Осакаров аудандары. Іс-шараның модераторы қоғам қайраткері, «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы қатысушыларға жаңа әліпбиге кезең-кезеңмен көшу үрдісі, артықшылықтары, орфографиялық ережелердің жобасы туралы айтып, тыңдаушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жаңа әліпбиді қол жетімді меңгеру үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өткен жөн, бұл үшін электрондық бағдарламалар құрылуда. «ICoder» ЖШС өкілі Рымбек Ізғали «Жаңа алфавитті зерделеудегі IT-жобалар» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Қатысушылар қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу барысы туралы барлық ақпарат орналастырылатын «Qazlatyn.kz» ұлттық порталымен, «Qazlatyn» көпфункционалды конвертерімен, «Tilqural.kz» тілді машинамен оқытуға арналған веб-сервисімен, барлық салалық сөздіктер мен энциклопедиялар жинақталған «Sozdikqor.kz» платформасымен, балаларға да, ересектерге де жаңа әліпбиді жеңіл үйренуге мүмкіндік беретін «Jasyryn sóz», «Sózdi tap», «ILES», «Zerekbala», «Sóz álemi» ойындар түріндегі бес мобильді қосымшалармен танысты.

Іс-шараның негізгі бөлігі тренинг түрінде өткізілді. Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова залмен жұмыс жасады, қатысушылар практикалық сабақтарды орындап, орфографиялық, орфоэпиялық ережелерді, ерекшелік сөздерін жазып отырды.

Келесі кезеңді сәуір және мамыр айларында өткізу жоспарлануда.

Жалпы, Қарағанды облысы жаңа әліпбиді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде: WhatsApp желісінде апта сайын «Аудиодиктант жазамыз» акциясы өткізіледі, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің әр сенбілік нөмірінде «Jańǵyrý jazýdan bastalady» айдары жұмыс істейді, ол шалғай елдімекен тұрғындарына жаңа әліпбиді өз бетінше үйренуге мүмкіндік береді, YouTube-та қолжетімді оқыту сипатындағы 2D бейнеролик әзірленді, сонымен қатар облыс тұрғындары «Бүгінгі ой», «Латын-караоке», «Латын субтитр», «Мақалды жалғастыр» акцияларына белсенді қатысуда. Ресурстық орталық меншік нысанына қарамастан мекемелерге өтінімдер негізінде жоспарлы және жоспардан тыс тренингтер өткізуде, осындай шаралармен жыл басынан 2 мыңнан астам адам қамтылды.