Бүгін: 21.11.2019

Бүгін, яғни сәуірдің 19 жұлдызында Қарағанды  қаласы Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің шет тілдері факультетінің базасында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен үш тілді жетік меңгерген жастар арасындағы «Тілдарын»  облыстық байқауы өткізілді.

Байқаудың мақсаты қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды қолдау, ынталандыру, үштұғырлы тіл саясатын насихаттау, жастардың көп тілді меңгеру үдерісін көпшілікке таныту болып табылады.

Аталған іс-шара 2012 жылдан бері жалғасын тауып келе жатыр. 2015 жылы республикалық байқау Қарағанды қаласында өткізілген болатын. 2016 жылы – Шет ауданының Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталды мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Нұрхан Нұрланов,    2017 жылы – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің студенті Әлібек Марат, ал 2018 жылы Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, бүгінгі таңда Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті Никита Савин республикалық байқаудың бас жүлдегерлері атанған. 

Байқауға Жезқазған, Приозерск, Саран, Теміртау қалаларынан, Абай, Нұра, Шет аудандарынан, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеттерінен, «Болашақ» академиясынан және колледждерден, сонымен қатар мемлекеттік құрылымдардан 18-22 жас аралығындағы барлығы 23 үміткер қатысты.  Байқаудың кезеңдерінде үміткерлердің қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде берілген тақырыптардың мазмұнын ашу, үш тілде сауатты сөйлеу және мәтіндерді аудару кезінде орфоэпиялық сауаттылығының сапалық деңгейі бойынша білімдері ескерілді. Биылғы жылғы байқаудың ерекшелігі – қатысушылардың мемлекеттік тілді білу деңгейіне баса назар аударылды. Қазақ тілінде эссе жазу және тыңдалым тілдік қатысымы бойынша сұрақтарға жауап беру кезеңдерінің тапсырмалары ҚАЗТЕСТ жүйесіне негізделді.

Байқау жеңімпаздарын ғалымдар, тіл мамандарынан құралған қазылар алқасы анықтады. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес келесі тіл білгірлері жүлделі орындарға лайық деп танылды және ақшалай сыйлықтармен марапатталды:

Бас жүлде – Төленді Соғдиана Жанатқызы, Қарағанды «Болашақ» жоғары колледжінің студенті;

І орын – Әсет Қызғалдақ Думанқызы, А.Мусин атындағы балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі;

ІІ орын – Түркенова Әйгерім Өміртайқызы, А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжі;

ІІІ орын – Ким Джейсан Николаевич, Қарағанды қаласының №101 мектеп-лицейі;

Ынталандыру сыйлықтары – Серікова Күнсая Ерболатқызы, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі;

Оспанова Майдагүл Аманқызы, Нұра ауданының Ақмешіт жалпы орта білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі;

Тлеуқұлова Әсем Ерланқызы, Шет ауданы Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназысының мұғалімі.

Облыстық конкурстың жеңімпазы Соғдиана Төленді республикалық «Тілдарын» байқауына Қарағанды облысының атынан қатысатын болады.