Бүгін: 21.11.2019

Селекторлық режимде мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның отырысы өткізілді. Отырыс жұмысына комиссия мүшелерінен басқа селекторлық режимде: әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік ететін қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.

Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қ.Балсариев және құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы С.Диханбаева «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының орындалуы туралы есеп берді. Абай және Шет ауданы әкімдерінің орынбасарлары К.Қабдуалиева мен А.Әбілдин, сондай-ақ профессор, медицина ғылымдарының докторы, Қарағанды медицина университеті ректорының кеңесшісі В.Молотов-Лучанский, Қарағанды экономикалық университетінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Қ.Әбілов үштұрлы тіл саясатын насихаттау және латын әліпбиіне көшу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру туралы кеңейтілген баяндамалар жасады.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы-комиссия төрағасының орынбасары Г.Қантарбекова еңбек инспекциясы басқармасында мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 40% құрайтынын, бұл ең төменгі көрсеткіш екенін атап өтті. Бұл көрсеткіш облыс көрсеткіштеріне де кері әсерін тигізуде.

Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жүргізілген тіл заңнамасы талаптарының сақталуын тексеру барысында, басқарманың шығыс құжаттары ғана емес, бюджеттік өтінімдер мен оларға негіздемелер, қаржыландыру жоспарлары, активтер мен материалдық құндылықтардың есебі, мемориалдық ордерлер, мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық нұсқаулықтары, конкурстық комиссияның хаттамалары, басқарудың негізгі саласы бойынша тексеру нәтижелері және оларды тіркеу журналы, сондай-ақ мекеме құжаттарының көп бөлігі орыс тілінде ғана рәсімделетіні анықталды.

Өз кезегінде, еңбек инспекциясының басшысы қорытынды анықтамада көрсетілген бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қолданып жатқандығын жеткізді.

Комиссия мүшелері болып табылатын «Қазақ тілі» халықаралық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалының төрағасы Т.Көкетай, Е.А.Бөкетов атындағы дың Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті С.Кентбек басқармада қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық танытты, мемлекеттік тіл-мемлекеттік басқару тілі, іс қағаздарын жүргізу тәлі екенін естеріне сала отырып, мемлекеттік тілде құжат айналымын жүргізуге қатысты пәрменді шаралар қабылдап, алдағы уақытта осындай өрескел бұзушылықтарға жол бермеуге кеңес берді.

 «Мемлекеттік тілде іс жүргізу» бұйрығының болуына қарамастан, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында да іс жүргізуде орыс тіліне басымдылық берілетінін атап өту қажет.

Отырыс қорытындысы бойынша қала және аудан әкімдерінің орынбасарларына, өңірлік бөлімдердің басшыларына «құжат айналымын ішкі бақылау жөніндегі» топтардың жұмысын жандандыру, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасын іске асыру мақсатында өзге ұлт өкілдері басым өңірлерде тілдерді оқыту орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыру, халықты жаңа әліпбиге оқыту жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды.

Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі Комиссия 2011 жылдан бастап әрекет етуде.