Бүгін: 06.12.2019

Қарағандыда Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінде «Тіл жанашыры» байқауының жеңімпаздарына салтанатты түрде облыс әкімінің сыйлығы табыс етілді.

Шара Достық үйінде өтті. Бұл марапат мемлекеттік тіл саясатына, тілдерді дамыту саласына үлес қосқан тұлғаларды қолдау мақсатында жыл сайын тағайындалып келеді. Биылғы жылы да оған әртүрлі сала, кәсіп және ұлт өкілдері ие болды.

Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша дәстүрлі номинацияларға тағы біреуі – «Үздік оқытушы» қосылды. Бұл сыйлық ересектерге мемлекеттік тілді оқыту саласында еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен ерекшеленген ұстаздарға беріледі.

- Тіл – бұл қарым-қатынас құралы ғана емес, ол халықтың және мемлекеттің рухы. Ұлттық код негізінде ана тіліміз жатыр. Жыл сайын қазақ тілін үйренушілердің саны артып келе жатқаны қуантады. Егер 10 жыл бұрын ҰБТ тапсыратын түлектердің 40%-ы тапсырмаларды мемлекеттік тілде орындаған болса, қазір бұл көрсеткіш 70%-ға дейін өсті. Балабақшаларда қазақ топтарындағы балалар саны бірнеше есеге артты, - деді Ерлан Қошанов сыйлықты тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Ол тілдерді үйрену ешқашан кеш емес екенін атап өтті. Ең бастысы ниет болу керек. Кез келген тілді білу шекараны жойып, жаңа есіктерді ашады, шексіз мүмкіндіктер береді, - деп атап өтті аймақ басшысы. Ол қиындықтардан қорықпауға және тілді әртүрлі тиімді әдістер арқылы үйренуге шақырды. Облыс әкімі салтанатты шараға жастар көп жиналғаны қуантатынын атап өтті және ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Биылғы жылы 8 номинация бойынша 43 үміткер қатысып отыр. Жеңімпаздарды қазылар алқасы таңдады. Оның ішінде 7 номинация бойынша сыйлық мөлшері – 250 мың теңгеден. Басты сыйлық тіл саясатын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Тіл майталманы» номинациясы бойынша 1 млн теңге беріледі. Бұл жылы ол Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Жандос Смағұловқа берілді.
Нұр-Сұлтан қаласынан келген қонақ - мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы республиканың барлық өңірлері арасында қарағандылықтар Тілдер күнін кеңінен атап өтіп жатқанына тілге тиек етті. Оның пікірінше, бұл ана тіліне деген құрметті білдіреді.

Облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаттары атанғандар:

«Тіл майталманы» номинациясы бойынша - Жандос Смағұлов, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі;

«Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» номинациясы бойынша - Мадинат Игенберлина, «Сәтбаев қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ бас маманы;

«Тіл жаршысы» номинациясында - Анна Строкова, «Е-Караганда» ақпараттық порталының тілшісі;

«Тіл білгірі» номинациясы бойынша - Денис Романов, Жезқазған қаласының №3 «Білім-Инновация» лицейінің 11 сынып оқушысы;

«Жас полиглот» номинациясы бойынша - Мадияр Әбділрадов, «Мұрагер» БОМ химия және биология мұғалімі;

«Мемлекеттік тіл бизнесте» номинациясы бойынша - Алмаз Мырзахмет, «Magzhan» printing house» ЖМ;

«Үздік телехабар» номинациясы бойынша - Аян Шәкен, 5 арнаның жүргізушісі;

«Үздік оқытушы» номинациясында - Береке Жарылғапова, «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» КМК әдіскері.

Облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы 2012 жылдан бастап беріліп келеді. 2018 жылдан бастап Қазақстан халқының Тілдер күні - 5 қыркүйек, ағартушы, лингвист-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың туған күнінде атап өтіледі.